Құқық саласындағы жаңашылдықтар тек азаматтардың күнделікті мәселелерін шешумен шектелмей, авторлар мен кәсіпкерлердің, тіпті борышкерлер мен өндіріп алушылардың да мүддесін қорғауға бағытталып отыр. Соның айқын дәлелі – авторлық құқық пен атқарушылық өндіріс салаларында іске асырылып жатқан жаңа цифрлық тетіктер.
Авторлық құқықты қорғау бағытында ортақ цифрлық платформа іске қосылуда. Бұл жүйе арқылы шығармалардың қайда, қалай және қандай көлемде пайдаланылғаны, сондай-ақ авторларға төленген сыйақының нақты есебі жүргізіледі. Ең бастысы – төлемдердің әділ әрі ашық бөлінуі қамтамасыз етіледі. Егер автор немесе құқық иесі өз еңбегінің заңсыз пайдаланылғанын анықтаса, әділет органдарына шағымданып, тексеру жүргізілуіне бастама көтере алады.
Зияткерлік меншік саласында Әділет департаменті өз құзыреті шегінде нақты жұмыстар атқаруда. 2025 жылы тауар таңбаларын заңсыз пайдалануға қатысты құқық иелерінің арыздары негізінде тексерулер жүргізіліп, 50 әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен кінәлі тұлғаларға 5 669 944 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан жалпы құны 35 943 862 теңгені құрайтын 58 062 дана контрафактілік өнім алынып тасталды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Алаңдатарлығы – жалған тауарлардың басым бөлігі тұрмыстық химия мен тағам өнімдері санатына жатады. Мамандар осыған байланысты тұтынушыларды күнделікті қолданатын тауарларды сатып алу кезінде аса мұқият болуға шақырады.
Заңды күшіне енген сот актілерін орындау да – әділет саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 7 мемлекеттік және 162 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Мыңдаған атқарушылық өндіріс орындалу сатысында тұрғандықтан, бұл салада да халық тарапынан сұрақтар мен шағымдар аз емес.
Осы мәселелерді оңтайлы шешу үшін атқарушылық өндіріс саласына да цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Соның бірі – көпшілікке бұрыннан таныс «робот-сот орындаушы». Мемлекет пайдасына 20 АЕК-тен аз соманы өндіру бойынша істер автоматты түрде орындалады. Жүйе борышкерге хабарлама жолдап, есепшоттарына тыйым салады, ал қаражат болған жағдайда өндіріп алу автоматты түрде жүзеге асады. Бұл тетік борышкер үшін де тиімді, себебі жеке сот орындаушыға төленетін қосымша шығын үнемделеді.
2025 жылы осы жүйе арқылы 31 225 іс аяқталып, 650 млн теңге автоматты түрде өндірілген. Бұдан бөлек, атқарушылық өндіріс тараптары үшін сот орындаушыға онлайн түрде жүгіну мүмкіндігі іске қосылды.
Енді өндіріп алушы немесе борышкер aisoip.adilet.gov.kz сайтында тіркеліп, «Кабинет сторон» сервисі арқылы өз ісінің барысын толық бақылай алады. Сот орындаушының атқарған шаралары жасыл, ал орындалмаған әрекеттер қызыл түспен белгіленеді. Заң бойынша сот орындаушы өтінішке 5 күн ішінде жауап беруі тиіс. Жауап болмаған жағдайда арыз автоматты түрде жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданады. Ал палата шешімімен келіспеген азамат шағымды республикалық палатаға немесе Әділет департаментіне жолдай алады.
Бұл туралы бүгін, Шымкент Әділет департаментінің басшысы — Исабекова Айнұр Ақжігітқызы төмендегідей мәлімдеді.
