aspan

АЛИМЕНТКЕ ҚАТЫСТЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙДІ: ДЕРЕК ПЕН НӘТИЖЕ

Әлеуметтік маңыздылығы жоғары істердің бірі – балаларды асырап-бағуға арналған алимент өндірісі. Бұл бағытта Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар нақты нәтижелерін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда қала бойынша 13 727 алимент өндірісі тіркелген. Оның басым бөлігі тұрақты әрі уақытылы төленуде. Дегенмен, 603 іс проблемалық санатта қалып отыр.
Алимент төлеуден жалтару – тек азаматтық емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкелетінін ескерген жөн. 2025 жылы алимент міндеттемесін орындамаған 98 адамға қатысты соттың айыптау үкімдері шыққан. Сонымен қатар, алимент санатындағы істер бойынша 412 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 373-і борышкердің өзі, 39-ы олардың жұмыс берушілері. Нәтижесінде 256 борышкер қамаққа алынып, 156 адамға айыппұл салынды.
Борышкерлерді жауапкершілікке тартумен қатар, оларды жұмыспен қамтуға да басымдық берілуде. Осы мақсатта 13 жәрмеңке өткізіліп, 306 борышкер тұрақты жұмысқа орналастырылған. Тәжірибе көрсеткендей, түсіндіру жұмыстарының өзі оң нәтиже беріп отыр. Әкімшілік шара қолданылмай тұрып жүргізілген түсіндірулерден кейін алимент қарызын өз еркімен толық өтеу деректері жиі кездеседі.
Мәселен, бір борышкер сот отырысына шақырылып, заң талаптары түсіндірілген соң 207 839 теңге көлеміндегі алимент берешегін толық өтеген. Тағы бір жағдайда борышкер 1 220 756 теңге қарызын түгел жауып, жеке сот орындаушыға берген ұсынысын кері қайтарып алған. Ал бірқатар борышкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын білген соң, 1 713 595 теңгеден астам алимент берешегін өз еркімен толық өтеген.
Әділет саласында тек борышкерлер ғана емес, қызмет көрсетуші субъектілер де қатаң бақылауда. 2025 жылы нотариат саласы бойынша 10 тексеру (жоспардан тыс және профилактикалық) жүргізіліп, заң талаптарын бұзған 2 нотариустың лицензиясы тоқтатылды. Сонымен қатар, 2 адвокаттың лицензиясының күші тоқтатылып, 1 адвокат лицензиясынан айырылды.
Жеке сот орындаушыларына қатысты да нақты шаралар қабылданды. Әділет министрлігі берген сенімхаттар негізінде 16 жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыру туралы сотқа талап арыз беріліп, оның 13-і қанағаттандырылды, 2 іс қаралу сатысында, ал 2 жеке сот орындаушысының лицензиясы уақытша тоқтатылды.
Саладағы тағы бір маңызды жаңашылдық – адвокаттар, нотариустар және сот орындаушыларын аттестаттау жүйесінің толық автоматтандырылуы. Бұрын үміткерлер Әділет департаментіне келіп тапсыратын тестілеу енді «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталық» АҚ-ның арнайы компьютерлік орталықтарында өткізіледі. Бұл өзгеріс аттестаттау процесінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға бағытталған.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ПРЕЗИДЕНТ: «ЕЛІМІЗ БОЙЫНША 2334 АУЫЛ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ»

ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

Шымкенттік оқушы жаңа сейсмотұрақтылық​ құрылғысын ойлап тапты

Пікір қалдырыңыз