aspan

ШЫМКЕНТТЕ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ӨЛШЕУ СТАНЦИЯЛАРЫ: ЖОЛДАРДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ТРАНЗИТТІК КӨЛІКТЕР ҚОЗҒАЛЫСЫН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ

Шымкент қаласы арқылы өтетін транзиттік жүк көліктерінің саны жыл сайын артып келеді. Бұл жағдай жол жамылғысының мерзімінен бұрын тозуына және қалалық жолдардың сапасына теріс әсерін тигізуде. Осыған байланысты қала әкімдігі жолдардың сақталуын қамтамасыз ету және көліктердің қозғалысын тиімді бақылау мақсатында автоматтандырылған өлшеу станцияларын кезең-кезеңімен енгізу жобасын жүзеге асыруда.

 

Автоматтандырылған өлшеу станциялары артық жүк тиеген көліктерді автоматты түрде анықтап, заң бұзушылықтарды дер кезінде тіркейді. Бұл жүйе тек жолдардың мерзімінен бұрын тозуын болдырмайды, сонымен қатар көлік қозғалысын тиімді басқаруға, қалалық инфрақұрылымды қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

 

2024 жылы қалаға кіретін үш негізгі бағыттағы көшеде алғашқы автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылып, пайдалануға берілді. Нақтырақ айтқанда, Шымкент–Сайрам бағытындағы Жібек жолы көшесі (Мартөбе шағын ауданы маңы), Бердібек қожа көшесі (Қарасу өзені көпірі маңы), сондай-ақ Шымкент–Сайрам–Қарамұрт бағыты бойынша Әмір Темір көшесінде 3 станция іске қосылды. Бұл станциялар 2024 жылғы 15 қазаннан бастап жұмыс істей бастады. Осы уақытқа дейін жүйе арқылы 449 құқықбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

 

Автоматтандырылған өлшеу станцияларын енгізу жұмыстары үшін 2024–2025 жылдары Шымкент қаласы бюджетінен 1,021 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. 2024 жылғы 5 қазанда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер ұйым ретінде «QSM Engineering» ЖШС таңдалды. Бұл компания барлық жобалық және монтаждық жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындады.

 

Алдағы кезеңде жүйені қаланың тағы алты негізгі бағытына орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 2026 жылы автоматтандырылған өлшеу станциялары Әл-Фараби көшесі (Ынтымақ және Исфиджаб тұрғын алаптары маңы), Темірлан тас жолы (әуежайға кіреберіс жол), Бәйдібек би даңғылы (Бозарық шағын ауданы маңы), А-2 айналма жолы (ипподром маңы) және Шымкент–Ташкент тас жолы (Оңтүстік айналма жол маңы) бойына қойылады. Бұл қадам қаладағы жол инфрақұрылымын қорғауға және транзиттік жүк көліктер қозғалысын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

 

Автоматтандырылған өлшеу станцияларының іске қосылуы Шымкент қаласының жол қауіпсіздігін арттыру, жолдардағы тозуды азайту және көліктердің заңсыз артық жүктерін болдырмау бағытындағы маңызды жобасы болып табылады. Жүйенің кеңеюі қала тұрғындары мен қала қонақтарына қауіпсіз әрі сапалы жол қозғалысын қамтамасыз етеді, сондай-ақ транспорттық инфрақұрылымның ұзақ мерзімді сақталуына елеулі үлес қосады.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

«Игі істер марафоны» жобасы 1 наурыздан бастап жалғасады

Куандыков Улан Ержанович Ux Директор

ШЫМКЕНТТЕ 449,4 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 5 ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

АКИМ ГОРОДА ПРИНЯЛ УЧАСТИЕ В ЦЕРЕМОНИИ ОТКРЫТИЯ НЕСКОЛЬКИХ ПРЕДПРИЯТИЙ

Пікір қалдырыңыз