aspan

ШЫМКЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ ЗАМАНАУИ МУЛЬТИМОДАЛЬДЫ ХАБ РЕТІНДЕ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Шымкент халықаралық әуежайын дамыту бағытында 2024–2025 жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, оны халықаралық заманауи мультимодальды хабқа айналдыруға ерекше назар аударылуда. Бұл жұмыстар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлік әуежайларды бәсекеге қабілетті әрі логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын орталықтарға айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.

Атап айтқанда, жеке инвестор – «SCAT» әуе компаниясының қаражаты есебінен жаңа жолаушылар терминалы салынды және 2024 жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бұрынғы терминалдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушы болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш сағатына 2 000 жолаушыға дейін артты. Жаңа нысан жылына 10–12 миллион жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді, бұл аймақтық және халықаралық рейстерді кеңейтуге мүмкіндік тудырып, Шымкентті еліміздегі логистикалық маңызды хабқа айналдырады.

Жолаушылар ағынының өсуі де айқын байқалады. 2024 жылдың 11 айында әуежай арқылы 1,1 млн жолаушы тасымалданса, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,9 млн адамға жетіп, 75 пайыздық өсім тіркелді. Бұл – қала мен өңірдің халықаралық рейстерге сұранысының артып отырғанын, әуежай қызмет көрсету сапасының жақсарғанын көрсететін маңызды индикатор.

Шымкент халықаралық әуежайы жүк тасымалы саласында да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда әуежай 9 логистикалық компаниямен ынтымақтастықта жұмыс істейді. 2024 жылдың 11 айында жүк айналымы 1,5 мың тоннаны құраса, ағымдағы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,7 мың тоннаға жетіп, 15 пайыздық өсім байқалды. Бұл – өңірлік және халықаралық транзиттік мүмкіндіктердің кеңейгенін, әуежайдың логистикалық әлеуетінің артқанын көрсетеді.

Бүгінде Шымкент халықаралық әуежайы Қазақстандағы үшінші ірі әуежай болып саналады. Жыл басында 10 халықаралық әуе бағыты жұмыс істесе, қазіргі таңда олардың саны 18-ге жетті. Ішкі әуе бағыттарының саны да 7-ден 12-ге ұлғайып, әуежай еліміздің ірі ішкі рейстерін қамтамасыз ететін маңызды орталыққа айналды. Қазіргі уақытта әуежайда 7 әуе компаниясы тұрақты негізде қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды. Ұзындығы 3 300 метр, ені 75 метр болатын ұшу-қону жолағы ІСАО-ның 3-санаттағы халықаралық стандартына сай салынады. Жаңа жолақ әуе кемелерін шектеусіз қондыру мен ұшыруға мүмкіндік беріп, әуежайдың транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2025 жылғы 31 наурызда мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Осылайша, Шымкент халықаралық әуежайы тек жолаушыларды тасымалдау бойынша ғана емес, сонымен қатар логистикалық және транзиттік қызметтер көрсететін халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды орталыққа айналып келеді. Бұл өңірдің экономикалық дамуына, халықаралық байланыстардың нығаюына және қала тұрғындарының өмір сүру сапасының жақсаруына елеулі үлес қосады.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

«ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ — МЕМЛЕКЕТТІҢ МАҢЫЗДЫ ПРИОРИТЕТІ»

ШЫМКЕНТ: ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ҚАЗАҚСТАН – АКАДЕМИЯЛЫҚ БІЛІМ АЙМАҒЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

Пікір қалдырыңыз