aspan

ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРЫП, БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Шымкент қаласында тұрғын үй қатынастары саласында жаңа реформалар енгізіліп, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері цифрлық форматқа көшірілді. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мамыр айынан бастап кез-келген кәмелетке толған азамат «Orken.otbasybank.kz» сайты арқылы тұрғын үй алу тізіміне тіркелу мүмкіндігіне ие болды. Жүйе автоматтандырылған түрде «Отбасы Банкі» АҚ арқылы тіркеуді жүргізіп, тұрғын үйді жалға беру немесе несиеге алу үшін мемлекеттік қолдауды бөледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй алу тізімінде 83 599 азамат тіркелген.
Жалдамалы тұрғын үйлер бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы 379 отбасы және 2024 жылдан өтпелі 165 отбасыға тұрғын үйлерді бөлу жоспарланған. Тұрғын үй басқармасы бөлінген үйлерге жалдау шарттарын рәсімдеп, оның орындалуын қадағалайды. Жалдау шарттарының негізгі екі талабы: тұрғынжайды мақсатына сай пайдалану және уақытылы төлем жасау. Жыл басынан бері 30 көпқабатты тұрғын үйдегі 1 800-ден аса пәтер тексеріліп, 51 азаматқа ескерту беріліп, жағдай қалпына келтірілді. Ал жалдау ақысы бойынша 1 585 азаматқа сотқа дейінгі хабарлама жіберіліп, нәтижесінде 30 қараша жағдайы бойынша арендалық төлемнен 1,22 млн теңге түсіп отыр.
Тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі де белсенді іске асырылуда. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 30 сәуірдегі №152 бұйрығына сәйкес, субсидияға үміткер ретінде тұрғын үй алу кезегінде тіркелген жетім балалар, көпбалалы отбасылар, 1–2 топ мүгедектігі бар азаматтар және мүгедек бала тәрбиелейтін отбасылар отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген шамасынан аспайтын жағдайда өтінім бере алады. Қазіргі таңда 3 146 субсидия алушының 2 269-ы тексеріліп, олардың ішінде 1 242 азаматпен субсидияны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, жалдау шарты тоқтатылды. Жергілікті бюджеттен тұрғын үй субсидиясына 664,0 млн теңге бөлінген, оның 540,0 млн теңгесі төленді. Мониторинг жұмыстары әлі жалғасуда. Жалпы, Шымкент қаласында тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану бағытында жүйелі қадамдар жасалып, бақылау күшейтілуде.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ҚАЙНАРБҰЛАҚ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

БАСҚАРМА БАСШЫСЫН ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТІРУ КІМДЕРГЕ КЕРЕК БОЛДЫ?

БИЫЛ 1 МИЛЛИОННАН ШАРШЫ МЕТРДЕН АСТАМ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК

Куандыков Улан Ержанович Ux Директор

Пікір қалдырыңыз