aspan

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАР ЛЕГІ БАСТАЛАДЫ

Жаңа жыл қарсаңында Шымкент қаласында тұрғындар мен балаларға арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар легі ұйымдастырылады. Қала тұрғындары үшін мәдени-ойын-сауық бағдарламаларымен қатар, қысқы демалысқа арналған жаңа нысандар да іске қосылмақ.
21 желтоқсан күні сағат 19:00-де Астана алаңында қаланың басты шыршасын жағу салтанаты өтеді. Мерекелік кеште жергілікті және елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұсынылады. Аталған іс-шараға 9 189 618,63 теңге көлемінде қаржы бөлінген (ҚҚС-пен қоса).
Ал 31 желтоқсан күні Астана алаңында Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарына арналған Жаңа жылдық гала-концерт пен от шашу ұйымдастырылады. Кеш барысында қазақ эстрадасының танымал әншілері өнер көрсетіп, театрланған музыкалық қойылымдар мен цирк өнерінің шеберлері көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлайды. Сағат 23:50-де Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтауынан кейін мерекелік от шашу атылып, концерт кеш соңына дейін жалғасады. Бұл іс-шараға бөлінген қаржы көлемі – 32 487 186,76 теңге (ҚҚС-пен қоса).
Балаларға арналған мерекелік шаралар да назардан тыс қалмайды. Қазақстан Республикасы Президентінің атынан 2025 жылғы 22–24 желтоқсан аралығында Астана қаласында «Жаңа жыл Республика төрінде» атты республикалық жаңа жылдық шырша мерекесі өтеді. Іріктеу ережесіне сәйкес, бұл шараға Шымкент қаласынан өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығынан 5 оқушы қатысады.
Сонымен қатар, 25 желтоқсан күні сағат 11:00-де Шымкент қаласындағы «Көрме орталығы» ғимаратында «Ғажайыпқа толы жаңа жыл!» атты өңірлік шырша мерекесі ұйымдастырылады. Оған 9–13 жас аралығындағы оқу үлгерімі жоғары, түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатысады. Жалпы қатысушылар саны – 300 оқушы. Іс-шара барысында әр балаға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан құны 120 мың теңгеден кем емес жаңа жылдық сыйлық – планшет табысталады. Бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін қысқы демалысты тиімді өткізу мақсатында Арбат аллеясында жаппай сырғанауға арналған ашық мұз айдынын орнату жоспарланып отыр. Мұз айдыны «Mega Most Construction» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен салынбақ. Оның жалпы аумағы 1830 шаршы метрді құрайды. Ай сайын 50–60 мың адам келеді деп күтілуде. Мұз айдынының ашылуы 20 желтоқсанға жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа жылдық және қысқы іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындар мен балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, бірлік пен достық құндылықтарын нығайту, сондай-ақ қалада жағымды әлеуметтік және мәдени орта қалыптастыру.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

АЛИКА МҰХАМАДИЕВА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ АЛАУЫЗДЫҚ ТУДЫРҒАНЫ ҮШІН СОТТАЛДЫ

БАДАМ АЙМАҒЫНДАҒЫ СУ ЖАҒАЛАУЫ НЫҒАЙТЫЛУДА

АРЫСТАН ЖҮРЕКТІ ТӘШЕНОВ ЕДІ…

Пікір қалдырыңыз