aspan

ШЫМКЕНТ: КӨКСАЙ АУМАҒЫН ЖАҢАРТУ АЯСЫНДА 20 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРЛІ БОЛДЫ

Шымкент қаласында Көксай тұрғын алабын жаңарту жөніндегі тұжырымдама аясында ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба қаланың ескі тұрғын үй қорын жаңғыртуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Осы бастаманың нәтижесінде тағы 20 отбасы жаңа, заманауи пәтерлерге қол жеткізді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұған дейін Транспорт көшесі, 5 және Нұрлыбаев көшесі, 2 мекенжайларында тұрған тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Бұл күн қоныс иелері үшін ерекше қуаныш пен тарихи маңызы бар мерекемен тұспа-тұс келіп, есте қаларлық оқиғаға айналды.

Айта кету керек, Көксай аумағын жаңарту тұжырымдамасы іске асырыла бастаған уақыттан бері барлығы 103 отбасы ескі әрі тозығы жеткен үйлерден көшірілді. Қоныс аударған тұрғындар қаладағы «Шымкент Сити» және «Тұран» шағынаудандарында орналасқан, барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған, абаттандырылған тұрғын үйлерге орналастырылды. Жаңа пәтерлер таза әрлеумен тапсырылып, бөлме саны бұрынғы баспаналарға толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, пәтерлер толықтай қоныстануға дайын күйде ұсынылып отыр.

Салтанатты рәсім барысында қала әкімі жаңа қоныс иелерін қоныстойымен және ел үшін маңызды мемлекеттік мерекемен құттықтап, отбасыларға зор денсаулық, бақ-береке, отбасылық тұрақтылық пен барлық бастамаларына сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде тұрғын үй мәселесін шешу – қала дамуының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Көксай ауданын жаңарту – бұл тек тұрғын үйлерді ауыстыру ғана емес, ең алдымен адамдар үшін қолайлы, қауіпсіз және сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді мегаполис басшысы.

Айта кетейік, Көксай аумағын жаңарту тұжырымдамасы аясында тұрғындарды көшіру және оларды заманауи, жайлы баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ КҮН: ШЫМКЕНТ АСПАНЫН БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ КӨРКЕЙТТІ

МИЛЛИАРДТАҒАН ҚАРЖЫНЫ ЖЫМҚЫРҒАНДАР ЖАЗАДАН  ҚҰТЫЛЫП, ЖАЗЫҚСЫЗ МАМАНДАР ЗАРДАП ШЕГУГЕ МӘЖБҮР

Куандыков Улан Ержанович Ux Директор

Шымкент – «Кітап оқитын ұлт» жобасына алғашқы болып қосылған өңірлердің бірі

Пікір қалдырыңыз