Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан 2025 жылдың 11 айы ішінде қала аумағында тұрғындар үшін қолайлы, экологиялық таза және эстетикалық тұрғыдан тартымды орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Басқарманың негізгі мақсаты – қала инфрақұрылымын дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, жасыл желек көлемін ұлғайту және қоғамдық кеңістіктерді заманауи талаптарға сай абаттандыру болып табылады.
Ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын 25 қала көшесі бойында 500 мың шаршы метр аумаққа жаңа газон төсеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар аясында су үнемдеуге бағытталған заманауи автоматтандырылған суару жүйелері орнатылып, жасыл желектердің ұзақ мерзім сақталуына және күтім сапасының артуына ерекше мән берілуде.
Сонымен қатар, 2025 жылы қала аумағында ауқымды ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, барлығы 152 мың түп ағаш егілді. Бұл көрсеткіш қала экологиясын жақсартуға, ауа сапасын арттыруға және тұрғындар үшін жайлы климаттық жағдай қалыптастыруға елеулі үлес қосады. Егілген ағаштар қаланың барлық аудандарын қамтып, саябақтарда, көшелер бойында және қоғамдық орындарда отырғызылды.
Алдағы 2026 жылға арналған жоспарлар да ауқымды. Қала тұрғындарына қолайлы, жасыл әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында көгалдандыру көлемін одан әрі арттыру көзделіп отыр. Жасыл аймақтарды көбейту арқылы қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, шаһардың көркін арттыру және тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау басты назарда болмақ.
Сонымен бірге, Шымкент қаласының Абай ауданы аумағында бұрынғы ескі қоқыс полигонының орнына «Экопарк» салу жобасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы басталған бұл жоба қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады. Құрылыс жұмыстары барысында саябақ аумағында кешенді көгалдандыру, серуендеуге арналған жолдар, демалыс аймақтары мен жасыл аллеялар салу жоспарланған.
Аталған жұмыстар мен жетістіктер, сондай-ақ алдағы жоспарлар туралы Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының 11 айда атқарған қызметі бойынша өткен баспасөз брифингінде кеңінен баяндалды. Басқарма алдағы уақытта да қала тұрғындары үшін қолайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
