Қазіргі таңда Шымкент қаласы үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару – стратегиялық маңызы бар негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Қала аумағында тәулігіне шамамен 1000 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналатынын ескерсек, бұл мәселені кешенді әрі заманауи тәсілдер арқылы шешу қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты мегаполисте экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Атап айтқанда, 2025–2027 жылдар аралығында қалдықтарды жағу арқылы электр және жылу энергиясын өндіретін заманауи зауыт салу жоспарлануда. Бұл жоба аясында жалпы құны 100 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық келісімге қол қойылды. Аталған зауыт іске қосылған жағдайда, тұрмыстық қалдықтардың көлемі едәуір қысқарып, полигондарға түсетін жүктеме азаяды. Сонымен қатар, кәсіпорынның жұмыс істеуі нәтижесінде 70 тұрақты жұмыс орны ашылып, қала тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктері пайда болады. Ең бастысы, қалдықтарды энергия көзіне айналдыру арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, Шымкент қаласының экологиялық жағдайы айтарлықтай жақсарады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі аясында қалдықтарды жинау және сұрыптау жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобаны іске асыруға «Clean Village» компаниясы тартылып, жылына 300 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптауға мүмкіндік беретін заманауи сұрыптау желісін салу көзделген. Бұл қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттырып, табиғи ресурстарды үнемдеуге жол ашады.
Жоба аясында қала аумағына 200 дана жартылай жерасты қоқыс контейнері орнатылады. Бұл контейнерлер санитарлық талаптарға сай болып, қаланың көркін сақтауға және жағымсыз иістердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қалдықтардың толу деңгейін бақылау үшін 900 арнайы толым датчигі және 50 бейнебақылау камерасы орнату жоспарланған. Бұл шаралар қалдықтарды жинау процесін бақылауды күшейтіп, жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге, қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын 60 арнайы техника планшет құрылғыларымен жабдықталып, барлық процесс толықтай цифрландырылмақ. Нәтижесінде қоқыс шығару маршруттары оңтайландырылып, жанармай шығыны азаяды, қызмет көрсету сапасы артады.
Жалпы алғанда, аталған экологиялық жобалар Шымкент қаласының экологиялық қауіпсіздігін нығайтып, қалдықтарды басқарудың тиімді әрі заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бастамалар мегаполистің таза, қауіпсіз және жасыл қала ретінде тұрақты дамуына елеулі үлес қосып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
