«Қазіргі урбанизация қарқынды дамып жатқан кезеңде, мегаполис тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру өте маңызды бағыттарымыздың бірі болып табылады.
Халықтың тұрмыстық сапасын жақсарту мақсатында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, баспанамен қамту, экологиялық таза жайлы орта құру бағытында жұмыстар атқарып келеміз»-деді, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Астана қаласының Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Бүгінде Шымкентте инженерлік инфрақұрылыммен қамтуда биыл Қызылжар-2, Ақжайық, Тұран (Қайтпас-1 аумағы) шағын аудандарында 11 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтылды.
Демеушілер есебінен ұңғыма арқылы су ішіп отырған Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбыры тартылып, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Сол сияқты, Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Тұран (Қайтпас-1 аумағы) және Құрсай шағын аудандарындағы 13 мыңға жуық халық сапалы электр энергиясына қосылуда. 2019 жылдан бері құрылысы созылған «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді.
Өңірдегі электр энергиясы тапшылығын азайту мақсатында «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуаттылығын ұлғайтып, 40 мыңға жуық тұрғындар мен өндіріс орындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалынды.
Бүгінде Шымкенттің Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Достық, Алтынтөбе, Тассай және Тұран (Қайтпас-1 аумағы) шағын аудандарында 25 мыңға жуық халық табиғи газбен қамтылды.
Газ жүйелеріндегі ақауларды анықтайтын «Пергам» жылжымалы қондырғысы алынып, диагностика жүргізілген 107 шақырым құбырлардан анықталған 67 ақау қалпына келтірілді.
Нәтижесінде, қала тұрғындарының 99,9 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электр энергиясымен, 98 пайызы табиғи газбен қамтылды.
«Дегенмен, өңірге инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу үшін инженерлік жүйелердің қуаттылықтарын арттыру қажет.
Президентіміздің «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында монополист мекеме «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы есебінен құны 26 млрд теңгеге «Қызылсу» қосалқы станциясын салу жоспарланып отыр»-деп атап өтті, спикер.
Қаланың даму перспективасына сәйкес 6 қосалқы станция және 3 газ тарату станциясын салу қолға алынды.
Жылумен қамтуда пилоттық жоба ретінде, акустикалық резонанс әдісі негізінде жасанды интеллект арқылы роботтық кешенді қолдана отырып, жылу құбырларына диагностика жүргізілді.
Бұл заманауи әдіс құбырларды дәлдікпен сканерлеу арқылы қауіпті учаскілерді анықтап, жөндеу шығындарын 75 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Әкімшілік-іскерлік орталығындағы қазандықты модернизациялау жұмыстарын аяқтауды жоспарланған. Бұл жоба нормативтік жылу беру шығынын 24 пайыздан 9 пайызға дейін төмендетіп, 46 мыңнан астам абонентті сапалы жылумен қамтиды.
