Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жоғары технологиялы нейрохирургиялық операциялардың саны артқан. Бұл туралы қалалық №2 ауруханада өткен баспасөз туры барысында хабарланды.
2025 жылдың 9 айында МӘМС шеңберінде қала бойынша шамамен 1000 жоғары технологиялы қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы жасалған, ал соңғы бес жылда 23 науқасқа жасанды жүрек орнатылған. Ағза алмастыру операцияларының құны 10 млн теңгеден 77 млн теңгеге дейін жететінін ескерсек, бұл қызметтердің сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылуы тұрғындар үшін үлкен қолдау болып отыр.
Бүгінгі таңда Шымкентте 177 медициналық мекеме жұмыс істейді, оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. МӘМС жүйесі арқылы тұрғындар жоғары технологиялы операциялардан бастап, диагностикалық тексерулерге, профилактикалық бақылауға, оңалту шараларына және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дейінгі қызметтерге қол жеткізе алады. Қаржыландыру сатып алу тетігі арқылы жүзеге асып, амбулаториялық және стационарлық көмекке, соның ішінде КТ, МРТ, УЗИ сияқты қымбат диагностикалық қызметтерге бағытталады.
МӘМС – жинақтау жүйесі емес, әлеуметтік қолдау тетігі. Сақтандырылған азамат жарна мөлшеріне қарамастан толық медициналық көмек алуға құқылы. Баспасөз туры барысында осы тетік арқылы нейрохирургиялық көмек көрсетудің маңызы мен жетістіктері таныстырылды.
Толығырақ: https://www.facebook.com/rsk.shymkent?locale=ru_RU
#РСКШЫМКЕНТ #ПРЕССТУР
