Шымкентте медициналық қызметтер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету және тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін арттырудың маңызды қадамы жасалды.
Қала әкімдігі мегаполистегі жетекші медициналық және фармацевтикалық ұйымдармен бірге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляциялық процестерді тежейтін бірқатар меморандумға қол қойды. Бастаманың негізгі мақсаты – ақылы медициналық қызметтердің, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын төмендету, баға қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру.
Келісімдерді жүзеге асыруға «№14 емдеу орталығы» ЖШС, «Ай-Нұры медициналық орталығы» ЖШС, «КАМЕЯ Pharm Group» ЖШС, «Otau Med» ЖШС, «Атамекен медициналық орталығы» ЖШС, «ЗЕРДЕ-ФАРМА» ЖШС, «МУРАТ-ФАРМ» ЖШС және «ЗЕРДЕ ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС қосылып отыр. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтың айтуынша, бұл қадамдар медициналық ұйымдардың жұмысын ашық әрі тиімді етуге, азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған.
«Меморандумдарға қол қою қала тұрғындарына медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Бұл келісімдер инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі саналады», – деп атап өтті Айдын Кәрімов.
Айта кету керек, тараптардың өзара міндеттемелері баға тұрақтылығы мен қызмет сапасын сақтап қана қоймай, медициналық ұйымдар арасында адал бәсекелестікті дамытуға, азаматтардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары, сонымен қоса, Шымкенттегі жылдық инфляция деңгейі 2025 жылдың қараша айында 11,8 пайызды құрағанын атап өтті, бұл республика бойынша орташа көрсеткіш – 12,4 пайыздан төмен. Өңірлер арасында мегаполис 17-орында келеді және инфляциясы төмен өңірге жатады.
