aspan

SHYMKENT NOMAD FILM FESTIVAL: ЖАС КИНОГЕРЛЕРДІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БӘЙГЕСІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Шымкентте жас продюсерлер мен режиссерлерге арналған дәстүрлі Shymkent Nomad Film Festival өз мәресіне жетті. Үздік туындылардың авторлары салтанатты түрде марапатталды. Фестивальдің басты мақсаты – шығармашыл жастарға қолдау көрсету, ұлттық мәдениетті дамыту және қоғамдағы өзекті мәселелерді қысқа метражды фильмдер арқылы көтеру.
Биылғы байқауға 30-дан астам жас режиссер өз еңбегін ұсынып, әрқайсысы берілген тақырыптарға сай дүниелер түсіріпті. Шымкент – менің сүйікті қалам, құқық бұзушылық пен нашақорлықтың салдары, жастардың дамуы, бағыт-бағдары секілді әлеуметтік мәні зор тақырыптар қатысушылардың басты өзегіне айналған.
Көрсетілген фильмдердің мазмұны көрерменді бейжай қалдырмады. Әсіресе, отбасылық құндылықтар, әке мен ананың орны, адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі секілді мәңгілік тақырыптар жан-жақты ашылған. Жас режиссерлердің айтуынша, әр фильмнің артында үлкен еңбек пен табандылық жатыр. «Егер осы туындыларымыз арқылы қоғамға аз да болса ой салсақ, жастарға тәрбие берсек – еңбегіміздің ақталғаны», дейді қатысушылар.
Фестивальге ұсынылған жұмыстарды сала майталмандары, белгілі драматург Сая Қасымбек пен кинорежиссер Батырхан Дауренбеков бастаған кәсіби қазылар алқасы бағалады. Өз ісінің үздіктері жас режиссерлердің шығармашылық ізденісін, техникалық шеберлігін жіті сараптап, әр туындының көркемдік құндылығына терең талдау жасаған. Танымал мамандардың оң бағасы жас киногерлерге үлкен шабыт сыйлап, олардың болашақта жаңа биіктерді бағындыруына серпін берді.
Фестиваль барысында жаңа есімдер, тың көзқарастар байқалды. Бірқатар фильм әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшіліктің жылы пікіріне ие болған. Бұл – жастар киносының қарқынды дамып, өзіндік аудиториясын қалыптастырып келе жатқанын көрсетеді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: «БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТКЕ КӨШУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҮРДІСКЕ ТОЛЫҚ САЙ КЕЛЕДІ»

ШЫМКЕНТ: аппарат басшысы тағайындалды

ШЫМКЕНТТЕ №5 ЖАҢА АВТОБУС БАҒЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Пікір қалдырыңыз