aspan

ШЫМКЕНТТЕ ҚОШҚАР АТА ӨЗЕНІН АБАТТАНДЫРУ ЖОБАСЫ ЖАҢА ҚАРҚЫНМЕН ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсартуға және тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған Қошқар ата өзенін абаттандыру жобасы белсенді түрде іске асып жатыр. Қаланы көгалдандыру мен табиғи ресурстарды оңтайлы пайдалану мәселесін басым бағыт еткен мегаполис әкімдігінің бастамасы бүгінде нақты нәтижесін бере бастады.
Қошқар ата — Шымкенттің тарихи-мәдени ландшафтының өзегі саналатын ерекше табиғи нысан. Сондықтан өзенді қалпына келтіру жобасы тек инфрақұрылымдық жаңарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен халыққа қолайлы орта құруды көздейді. Жоба шеңберінде өзеннің жалпы ұзындығы 3,535 шақырымды құрайтын бөлігін қалпына келтіру қарастырылып отыр. Бұл бағытта арнаның құрылымы қайта жасалып, табиғи су ағымын реттеу жұмыстары жүргізілуде. Өзен табаны мен жағалауы қоқыстан тазартылады, жағалауды бекіту арқылы су шайылуының алдын алу көзделген.
Абаттандыру жұмыстары тек экологиялық шаралармен шектелмейді. Өзен бойында заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – жобаның негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындардың қауіпсіз және ыңғайлы қозғалуына жағдай жасалуда. Сонымен бірге, өзен жағалауын толыққанды демалыс аймағына айналдыру үшін 139 орындық орнату, энергия үнемдейтін 360 шам қою жоспарланған. Бұл шамдар түнгі уақытта өзеннің айналасын жарықтандыру арқылы қала келбетін жақсартып, қауіпсіздікті күшейтеді.
Өзеннің екі жағын байланыстыратын 8 жаяу жүргінші көпірі салынуы да жобаның маңызды бөлігі. Қазіргі таңда соның үшеуі салынып бітті және тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Сондай-ақ 70 жарық шамы орнатылып, инфрақұрылым біртіндеп толыққанды қалалық кеңістікке айналып келеді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

БАДАМ АЙМАҒЫНДАҒЫ СУ ЖАҒАЛАУЫ НЫҒАЙТЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амал күнімен құттықтауы

Қанша қазақстандық армиядан «қашып» жүр?

Пікір қалдырыңыз