aspan

АППАРАТ ОТЫРЫСЫНДА ҚАЛАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Күн тәртібінде индустриалды аймақтарда заң тәртібінің сақталуы, мемлекеттік бағдарламалардың 2025 жылдың 10 айында орындалу нәтижесі, сапасыз нысандардың пайдалануға берілмеуін қадағалау шаралары, сонымен қатар, «Alaqan mektep» және «E-Ashana» жүйелерін қолданудың аралық нәтижелері қаралды.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Біржан Әзімбердиевтің мәліметінше, қала аумағында жалпы ауданы 1 276 га болатын 7 индустриалды аймақ бар, ондағы 312 мекемеде 8 мыңнан астам жұмыс істеп жүр. Мониторинг барысында қала экологиясына теріс әсер ететін және тұрғындар жиі шағымданатын кәсіпорындар анықталды.

Экология департаментімен бірге осы кәсіпорындардың жұмысын экологиялық талаптарға сай келтіру мақсатында тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде олқылықтарды жоюға ұйғарымдар беріліп, айыппұлдар кесілді. Жалпы, жыл басынан бері Экология департаменті тарапынан 29 ұйғарым беріліп, кесілген айыппұл көлемі 37,6 млн теңгені құрап отыр.

Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев 2025 жылы басқарма тарапынан 110 нысанның құрылысы жоспарланғанын мәлімдеді. Соның ішінде 65 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланса, қалған 45 нысан – келесі жылға өтпелі.

Биыл басқарма тарапынан мердігер мекемелерге, техникалық және авторлық қадағалау ұйымдарына келісімдердің шарттарын орындамағандары үшін 12,5 млн теңге айыппұл кесілді. Сонымен қатар, құрылыс ережесін бұған бірқатар мердігер мекемеге шара қолданылған.

«Alaqan mektep» және «E-Ashana» жүйелерін қолданудың аралық нәтижелері туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баяндады. Оның айтуынша, Шымкентте 1 қыркүйектен бері мектептердегі тегін тамақтың берілуін бақылау мақсатында «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі іске қосылған.

Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі ұтымды жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылау. Бүгінгі таңда 101 562 оқушы мектептерде ыстық аспен қамтамасыз етілген, оның ішінде «E-Ashana» жүйесі арқылы – 32 726 оқушы, ал «Alaqan mektep» жүйесі арқылы 68 836 оқушы қамтылған.

Жалпы, 1-4 сыныптардағы оқушылардың 97,2 пайызы және 5-11 сыныптағы оқушылардың 75,6 пайызы ваучер арқылы тамақтанады. Аппараттық-бағдарламалық кешен 127 мектепте орнатылған: 99 мектеп – «Alaqan mektep» жүйесін, ал 52 мектеп «E-Ashana» жүйесін қолданады. Айта кету керек, «Әлеуметтік әмиян» жобасы ата-аналарға қызметтерді тұтынып, балаларының мектеп асханасына баруын бақылауға, жеңілдікпен тамақтанудың цифрлық ваучерлерін қолдануға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында қала әкімі индустриалды аймақтарда экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және анықталған олқылықтарды дер кезінде жою бойынша тапсырма берді. Сонымен қоса, құрылыс сапасын бақылап, сапасыз нысандардың пайдалануға берілмеуін қадағалауды жалғастыруды, ал құрылыс талаптары мен келісімнің шарттарын жүйелі түрде бұзатын мердігер мекемелерге қосымша шара көруді тапсырды.

Қала әкімі, әсіресе, мектептердегі тамақтануды ұйымдастыруға баса назар аударды. Мегаполис басшысы жауапты тұлғаларға оқушыларды ыстық тағаммен сапалы әрі дер кезінде қамтамасыз етуді, «E-Ashana» және «Alaqan mektep» жүйелерін қолдану барысын бақылауды күшейтуді, сонымен қоса, ата-аналарды цифрлық ваучерлер мен мектептегі тамақтану барысын бақылау мүмкіндігі туралы хабардар етуді белсендіруді тапсырды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ОҚЫТУ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ

ШЫМКЕНТ: 300-ДЕН АСА ТҰРҒЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ

Ж.Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 «А» сынып оқушыларына «Әдебиеттік оқу» пәнінен ашық сабақ өткізілді.

Пікір қалдырыңыз