
Соңғы екі жылда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен Шымкентте әлеуметтік салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірқатар әлеуметтік нысандар жаңартылып, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен қарттарға қолайлы жағдай жасалды.
58 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы алғаш рет 1,3 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Сондай-ақ, №5 «Аялы алақан» орталығының аумағы кеңейтіліп, демеушілердің көмегімен ойын алаңы жаңартылды, енді мұнда ерекше балалар үшін шағын саябақ жасалуда.
Қарттарға арналған қызметтер де кеңеюде. 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Ізетті зейнеткер» орталығы Бозарық шағынауданында жаңа ғимаратқа көшіп, 120 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда зейнеткерлерге медициналық, емдік және мәдени-сауықтыру қызметтері көрсетіліп, төрт мезгіл тамақ беріледі. Сонымен қатар, 2024 жылы Нұрсәт шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір орталығының» жаңа бөлімшесі ашылып, зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасалды.
Ересек жастағы ерекше жандарға арналған №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қосымша 50 орындық ғимарат салынуда. Жобаның құны – 1,9 млрд теңге, құрылыс осы жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұдан бөлек, Бозарық шағынауданында 5 гектар аумақта 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. 13,8 млрд теңге тұратын нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Бұл жобалар Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сапасын арттыруға және қоғамның осал топтарына қолдау көрсетуді күшейтуге бағытталған.
