
Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2021 жылдан бастап жеке инвесторлардың қатысуымен қаладан шалғай орналасқан 60-қа жуық елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылып, нәтижесінде 500 мыңға жуық тұрғын жоғары жылдамдықты интернетті пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Биыл бұл бастама жалғасын тауып, қосымша 23 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандум жасалды. Бүгінгі таңда оның ішінде 13 елді мекеннің (Жайлау, Көксай, Азат, Химфарм, Ынтымақ-2, Қатын көпір, Орманшы, Қорғасын, Сайрам, Айнатас, Құлагер, Жасдәурен, Ақтас-2, Мәртөбе) тұрғындары интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Қалған 10 елді мекеннің 8-інде (Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Қаратөбе, Нұршуақ, Жиделі, Тұрлан) кең жолақты интернет желісін қосу қараша айында жүзеге асырылмақ. Ал Исфиджап пен Қайнарбұлақ елді мекендерін желіге қосу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.
Аталған шаралардың нәтижесінде Шымкент қаласының барлық тұрғындары үшін заманауи, жылдам әрі тұрақты интернет қызметіне қол жеткізу мүмкіндігі кеңейіп, мегаполистің цифрлық даму деңгейі жаңа сапалық кезеңге көтеріледі.
