Шымкент қаласында инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы мен жылыту маусымына дайындық жұмыстарының жағдайы тексерілді.
Аралау барысында «Шымкент Сити» шағынауданындағы қазандықтың жылыту маусымына дайындығы қаралды. 2019 жылы пайдалануға берілген нысан алты су жылыту қазандығымен жабдықталған. Қазандық 41 көпқабатты тұрғын үй мен бір әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Жауапты мамандарға жылу беруді үздіксіз ұйымдастырып, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету кестесін қатаң сақтау тапсырылды.
Сонымен қатар, қосымша мектеп корпустарының құрылыс барысы бақыланды. Қазіргі таңда «Жайлау» шағынауданындағы №16 орта мектеп жанынан 575 орындық ғимараттың және Ө. Жәнібеков атындағы №19 мектеп жанынан 375 орындық ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Екі нысан да келер жылға өтпелі болып табылады. Тиісті тұлғаларға құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы орындауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Жұлдыз» индустриялық аймағын жалғайтын теміржол желісінің құрылыс нәтижелерімен танысу өткізілді. Бұл желінің іске қосылуы өндірістік аймақ резиденттерінің шикізаты мен дайын өнімін тиімді тасымалдауға жағдай жасап, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге және аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.
Аралау қорытындысында «Сайрам» тұрғын алабындағы Ю. Сареми көшесіндегі жол құрылысының барысы да тексерілді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барлық сапа стандарттарының сақталуын қадағалау және бақылауды күшейту тапсырылды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
