aspan

ҚАЛА ӘКІМДІГІНДЕ ӨТКЕН АППАРАТТЫҚ КЕҢЕСТЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

2025 жылдың 20 қазан күні қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Күн тәртібінде қыс мезгілінде қаладағы қар тазалауға дайындық, көше жарығы және бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды.
Кездесуді ашқан мегаполис басшысы әлеуметтік желіде қала тұрғындары кейбір көшелерге жаңа төселген асфальттың қайта қазылатынына шағымданатынын атап өтті. Қала әкімі бірқатар мердігер компанияның жұмысын, сондай-ақ, басқармалар мен аудан әкімдіктері тарапынан тиісті бақылаудың болмауын сынға алды. Ол мұндай фактілер тұрғындардың әділ наразылығын тудыратынын және қаланың имиджіне теріс әсер ететінін атап өтті.
Қала әкімі жаңадан жөнделген жолдар қайта бұзылмас үшін барлық жөндеу жұмысы мен коммуналды қызмет үйлесіп әрекет етуі керек деді. Осындай жұмыстарға рұқсат алған мердігерлік компаниялар жұмыс сапасына және жолды дер кезінде қалпына келтіруге кепілдік міндеттеме алады. Әкім, сонымен қатар, әр факт бойынша тексеру жүргізуді және кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
Қаладағы қар тазалау жұмыстарына дайындық барысы туралы Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар баяндады. Оның айтуынша, мегаполистегі автомобиль жолдарында 29 бағыт бойынша 243 техника, екі мыңға жуық коммуналды-техникалық қызметкер жұмыс істейтін болады. Жалпы ұзындығы 891 шақырым болатын 443 көшенің қарын тазалау жоспарлануда, сонмен қатар 15 мың тоннадан астам тұз және 25 мың текше метр құм дайындалды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың ақпараты бойынша, өткен жылы қаланың 1 238 көшесінде 33,4 мыңнан астам көше шамы орнатылған. Биыл 1 760-қа жуық көше жарықтандырылып, 35 мыңнан астам шам орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 985 көшені қосымша жарықтандыра отырып жалпы қала аумағын 100 пайыз жарықтандыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов бұқаралық спортты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады. Жыл басынан бері жоспарланған 267 спорттық іс-шараның 245-і өткізілді, жыл соңына дейін тағы 22 іс-шара өтеді. Жалпы, қалада 855 спорт инфрақұрылымы нысаны жұмыс істейді.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді, соның ішінде жөндеу және коммуналды жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, әр ауданда жаппай сырғанауға арналған мұз алаңдарын ұйымдастыруды тапсырды.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Ғылыми әлеуетті нығайтатын қадам

Таразда прокурор шелпекке қақалып, қайтыс болды

ҰҚК қызметкерлері Шымкентте терроризмді насихаттады деген күдіктіні ұстады

Пікір қалдырыңыз