aspan

ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТҚАН АУЫЛ

Шымкент қаласы, Абай ауданына қарасты Жедел елдімекені – еліміздегі ерекше әрі өнегелі бастамалардың бірін қолға алған ауыл. Мұндағы дүкен иелері мен тұрғындар спирттік ішімдіктерді сатудан өз еріктерімен бас тартқан. Ішімдіксіз өмір салтын таңдаған ауыл бүгінгі қоғамға айтарлықтай үлгі бола алады. Ал бұл бастамаға жергілікті әкімдік, құқық қорғау органдары мен қоғам белсенділері қолдау білдіріп отыр.

Ауыл ішіндегі дүкен иелері мен тұрғындар ішімдіктің зияны туралы ашық пікірлесіп, салауатты өмір салтын қолдайтындарын жеткізді. Белсенді сатушылар «аз пайда үшін ұлт болашағын құрбан етуге болмайды» дейді. Шара аясында полиция мен әкімдік өкілдері бірнеше дүкенді аралап, ішімдік сатуға тыйым салудың маңызын түсіндірді. Ішімдікті сатумен бірге, қоғамдық орындарда оны пайдаланудың да заң алдында жауапкершілігі бары ескертілді.

Жедел елдімекені — қалаға іргелес жатқанымен, өзінің ерекше ұстанымымен көзге түсіп отыр. Ауыл тұрғындары дүкен сөрелерінде ішімдік тұрмасын деп шешкен. Бұл — әкімдіктің пәрменімен емес, халықтың өз қалауы. Жергілікті кәсіпкерлер де табыс емес, тәрбие мен ұрпақ келешегін таңдаған. Ауылдағы әр дүкеннің есігіне кірсеңіз, ішімдік сөрелері бос. Бұл ел ішінде қалыпты көрініске айналған. Сатушылардың айтуынша, алғашқыда қарсы пікір болғанымен, уақыт өте келе көпшілік түсіністік таныта бастаған. Қоғам белсенділері бұл бастаманы басқа ауылдарға да таратуды көздеп отыр.

Ішімдіктен бас тартуға бағытталған мұндай шаралардың маңызы зор. Бұл — ел болашағы саналатын жас ұрпақтың тәрбиесіне, қоғамдағы тәртіп пен тыныштыққа, отбасы құндылықтарының нығаюына тікелей әсер ететін бастама.  Айта кетсек, Полиция департаментінің сөзінше, биылғы 9 ай ішінде ішімдік сату тәртібін бұзған 52 дерек тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылған. Ал қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкен 594 тұрғынға шара қолданылған.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Туристская отрасль в Казахстане: динамика, инвестиции и Neo Nomad Visa

Шымкент: МӘМС жүйесінде дербес төлеушілер саны артты

Мемлекетке келтірілген залалды өтеу – прокуратура органдары жұмысының негізгі басымдықтарының бірі

Пікір қалдырыңыз