Мектеп асханаларының сапасын арттыру мақсатындағы бақылау жұмыстары өз жалғасын табуда. Арнайы құрылған комиссияның жұмысы енді қаладағы №135-ші жалпы орта мектебінде өтпек. Бүгінде білім ордалары жүйелі жұмыс, ашық бақылау және жауапты көзқарас арқылы оқушылардың денсаулығына ерекше қамқорлық танытып келеді. Мақсат – мін табу емес, сапаны арттыру, бала саулығын қорғау.
Дұрыс тамақтану – баланың денсаулығының, ал денсаулық – білім мен болашақтың іргетасы. Мектеп – тек білім ордасы емес, өмірге жол ашар үлкен тәрбие мектебі. Оқушының күнделікті ішіп-жейтін асы – оның бойындағы қуат, ойындағы сергектік, жүрегіндегі сенім. Сондықтан да, бүгінгі таңда оқушылардың дұрыс тамақтану мәселесі әкімдіктің күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта арнайы құрылған қалалық комиссия мүшелері білім ордаларының асханаларын аралап, ас мәзірімен және санитарлық жағдаймен танысуда.
Комиссияның басты мақсаты – кемшілік іздеу емес, балалар денсаулығын қорғауға бағытталған бақылау мен қолдау жүйесін күшейту. Тексеру барысында мамандар тағамның сапасы мен құнарлылығына, асхана тазалығына және тамақтану тәртібінің сақталуына ерекше мән беріп отыр. Асхананың иісі – балалық шақтың иісі. Таңғы ыстық астан әр тағамда қамқорлықтың, мейірімнің дәмі сезіледі. Әрбір қасық ас – баланың денсаулығына қосылған үлес, ел ертеңіне салынған сенім.
Дәл осыған жауап ретінде, қалалық нөмірі 135-ші жалпы білім беретін мектепте барлық талаптар сақталған. Тіпті мектеп асханаларында зиянды тағамдар мен газдалған сусындарға тыйым салынған. Оның орнына дәруменге бай, табиғи өнімдерге басымдық берілуде. Өйткені баланың иммунитеті мен ой өрісінің дамуы сапалы тағамнан басталады. Ал, бұл мектептің ішкі тәртібі мен балаларға деген жауапкершіліктің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.