aspan

ПРОФЕССОР ҒЫЛЫМИ АТАҒЫ БЕРІЛДІ!

Еліміздің жоғары білім мен ғылым кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті тұлға – Баршагүл Қашқынқызы Исабекке профессор ғылыми атағының берілуі баяндалады. Ұлттың рухани тұғырын бекемдейтін білім мен тарих саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған ол – педагогикалық шеберлігімен ғана емес, биік адамгершілігімен, кемел парасатымен, болашақты бағдарлай білетін стратегиялық ой-өрісімен дараланған жан.30 жылдан астам уақыт бойы қазақ білімінің дамуына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Баршагүл Қашқынқызы – өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы арқылы талай биікті бағындырған, ұрпақ тәрбиесіне барын арнаған асыл ұстаз. Ол – ғылым мен білімнің шырағын жағып қана қоймай, сол жарықпен талай жастың жүрегіне жол тапқан, ел сенімін ақтап жүрген қайраткер. Оның есімі – мемлекет тарапынан берілген марапаттармен, үздік атақтармен, халықтың шынайы алғысымен бедерленген. Профессор атағы – бұл құрметті қызмет жолының бір белесі ғана. Бұл атақ – оның ел тарихы мен жоғары білім саласына сіңірген өлшеусіз еңбегіне берілген әділ баға, шынайы құрмет. Баршагүл Қашқынқызы Исабек – бүгінгі қазақ ғылымының шынар тұлғасы, кемел ойлы көшбасшысы, болашақ ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ.

 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма мүшесі-Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабекке профессор ғылыми атағы берілді. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2025 жылғы 22 қыркүйектегі №1613-бұйрығына сәйкес қабылданды. Ғылыми атақ 60100 – Тарих және археология бағыты бойынша берілді.
 Алғашқы еңбек жолын 1995 жылдан Қ. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында Қазақстан тарихы кафедрасының ізденуші-зерттеушісі болып бастаған Баршагүл Қашқынқызы 30 жылдан астам саналы ғұмырын жоғары білім саласында болашақ педагогтарды даярлауға арнап келеді. Педагогикалық тәжірибемен қоса кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, декан қызметтерінен проректорға дейін сатылай өсіп, 2012 жылдан бастап осы лауазымды абыроймен атқарып келеді. Ол — 2006-2008жж. арналған Дарынды жас ғалымдарға арналған стипендия иегері, 2006, 2019, 2021, 2022 жылдары ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған, екі рет «ЖОО үздік оқытушысы» (2008, 2021 ж) атағын иеленген. Сондай-ақ, 2017 ж «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі иегері, 2018 ж. «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2022 ж. «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі иегері, 2023 -2024 ж. Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбектің Алғыс хатымен марапатталған, Түркістан облысы «Ордабасы ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері.
 Баршагүл Исабек – еліміздің жоғары білім және ғылым саласына сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті тұлға. Оның ғылыми зерттеулері, педагогикалық тәжірибесі мен стратегиялық басқару саласындағы еңбегі – жоғары оқу орнын дамыту мен қоғамда тарихи сананы қалыптастыруда үлкен рөл атқарып келеді. Университет ұжымы Баршагүл Қашқынқызын ғылыми атағымен шын жүректен құттықтап, жаңа жетістіктер мен табыс тілейді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Кәсіпкерлер палатасында жеке сот орындаушылар іс-әрекетінің заңдылығын сақтау мәселесі талқыланды

Кәсіпкерлерге сертификат алу туралы түсіндірілді

ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ

Пікір қалдырыңыз