aspan

Шымкентте жаңа Салық кодексіне арналған семинар өтті

Шымкент қаласында жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған семинар өтті. Жиынға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов пен комитет қызметкерлері, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов, кәсіпкерлер қатысты.

«Барлығыңызға белгілі, соңғы жылдары талқылауға түскен Салық кодексіне Мемлекет басшысы 2025 жылдың 18 шілдесінде қол қойып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сол кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитетінің жұмыс тобы еліміздің өңірлерін аралап, көшпелі семинар өткізіп келеді», – деді Сапарбек Ешанқұлов.

Семинарда Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова сөз алды.

«Бұл семинар ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерімен тікелей диалог аясында салықтық әкімшілендірудің маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Жаңа кодекстің ережелері мен нормалары кәсіпкерлерге дұрыс жеткізу үшін, дұрыс түсінік болу үшін түсіндіру жұмыстары жаппай барлық өңірде өтіп жатыр. Бұл семинардың маңызы ерекше, өйткені мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалог заң нормаларының түсінігін қалыптастыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға және осылайша тараптар арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Өздеріңіз белесіздер, Салық заңнамасы – қаржылық тәртіп пен бизнестің дамуының негізі, ал оның дұрыс қолданылуы елдің экономикалық тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Осындай талқылау барлық тарапқа пайдалы болады деп сенемін», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің айтуынша, ведомство бизнес өкілдерімен кездесу арқылы енгізілетін жаңашылдықтар жөнінде ақпарат жеткізіп, тиісті нормалардың практикалық қолданысқа және реформаның артықшылықтарына баса мән беруде.

«Кәсіпкерлер үшін ерекше маңызды өзгерістердің бірі қосымша құн салығын (ҚҚС) әкімшілендіру ісін жетілдіру мен корпоративті табыс салығы әрі ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерге көшуге байланысты болып отыр. ҚҚС әкімшілендіру ісін жетілдіру рәсімдерді жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтуға, бизнес пен мемлекет арасындағы даулы жағдайларды барынша төмендетуге бағытталған. Бұл компанияларға уақыт пен ресурстарды үнемдеп, өз істерін дамытуға назар аударуға мүмкіндік береді. Корпоративті табыс салығы мен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу салалардың ерекшеліктері мен кәсіпорындардың табыс деңгейін ескеретін неғұрлым икемді тәсілді қарастырады. Мұндай тетік әділ салық жүйесін орнатып, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ экономиканың басым секторларын дамытуға жол ашады», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.

Комитет өкілдерінің айтуынша, маңызды өзгерістердің қатарында ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған салық жеңілдіктерін сақтау мен кеңейту, оның ішінде төмендетілген мөлшерлемелер мен қосымша шегерімдер, арнайы салық режімдерінің қарапайым әрі түсінікті жүйесіне көшу (енді олардың саны – 3, есептілігі минималды), бірыңғай жер салығының күшін жою (жер пайдаланудың ерекшелігін неғұрлым икемді етіп, фермерлердің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді), қашықтан қызмет көрсетуді енгізу (мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар арқылы декларация тапсыру, есептіліктің мәртебесін қадағалау және салықтарды мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ төлеу қызметін жолға қою), ҚҚС-тың қосымша есебін сақтау тетігі, оның үлесін 80% дейін арттыру (бұл техника мен ресурстарды сатып алатын агроөндірістер үшін аса маңызды) секілді өзгерістер бар.

Семинар барысында кәсіпкерлер Салық кодексінің жаңа нормаларын тәжірибеде қолдану, жаңа мөлшерлемелер бойынша салықты есептеу, цифрлы сервистерді пайдалану тәртібі және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Спикерлер барлық сұраққа жауап беріп, жыл соңына дейін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, МКК қосымшаларында оқыту модульдері іске қосылатынын түсіндірді.

Бөлшек салық мөлшерлемесі жөнінде қатысушыларда көртеген сұрақтар көтерілуіне байланысты Сабира Адамбекова 2026 жылға бөлшек салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендету бойынша 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін тиісті шешімді қабылдау туралы Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қалалық мәслихатқа ұсыныс енгізілгенін хабарлады.

Семинар соңын Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов «Жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаттарының бірі – шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ салық жеңілдіктері жүйесі арқылы экономиканың басымдыққа ие салаларын ынталандыру» деп аяқтады.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Тоқаев білім және балалардың қауіпсіздігі туралы заңға қол қойды

Куандыков Улан Ержанович Ux Директор

Шымкентте көлік қағып кеткен 9 жасар бала қаза болды

Халықтық штаб өкілдері Қызылорда облысында бірнеше ұжымдармен кездесулер өткізді

Пікір қалдырыңыз