Мәдениет

Бахтияр Өнербаев: «Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттің бірі»

Бахтияр Әлтайұлы Өнербаев – 1967 жылғы ақпанда қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушылығынан бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Президенттің Іс басқармасында, Жоғары Сотта және Парламент Сенатының аппаратында басшылық қызметтерді атқарған.
2014-2016 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2016-2020 жылдары Алматы облысы Текелі қаласының әкімі, 2020-2024 жылдары Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы сынды қызметтерді атқарған.
2024 жылғы маусымнан бастап Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы.
«Құрмет» орденінің және өзге де бірқатар жоғары дәрежелі мемлекеттік марапаттардың иегері.

«ХАЛҚЫМЫЗ ҚАШАНДА ДІНІНЕ БЕРІК, ДӘСТҮРІНЕ АДАЛ БОЛЫП КЕЛДІ»
– Бахтияр Әлтайұлы, халықты біріктіріп, ұлтты ынтымаққа ұйыстыратын құндылықтың бірі – дін десек, қателеспейміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс», деген болатын. Соңғы жылдары қаскөйлер дінді қоғамды біріктіру мақсатында емес, жік салу жолында пайдаланып келді. Бұл – тұтастығымызға нұқсан келтіріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіргені жасырын емес. Осы ретте еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкенттегі діни ахуал қандай? Алып шаһарда дін саласында нендей жұмыстар атқарылуда?
– Шымкент қаласындағы діни ахуал тұрақты. Бұл осы бағыттарда тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастыра білудің нәтижесі деуге болады. Қала басшылығының қолдауымен ұтымды ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде дін саласында ілкімді істер жүзеге асырылды.
Бүгінде Шымкент қаласында 12 конфессияны білдіретін исламдық емес бағыттағы 32 діни бірлестік және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 95 мешіт қызмет атқарады. Қолданыстағы заңнамалардың аясында жұмыстар жүргізіліп жатқандықтан қандай да бір келеңсіздіктер орын алды деп айта алмаймыз. Дегенмен, жекелеген діннің атын жамылған кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттерін де жоққа санауға болмас. Сондай мәселелердің алдын алуда біздер өзара бірлесіп жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Ол өз кезегінде әр түрлі форматтардағы кездесулер мен жиындар, түрлі деңгейдегі басқосулар арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі күнде ақпараттар ағымы жылдам қарқын алуда. Сәйкесінше, біз де осы бағыттағы жұмыстарға ерекше маңыз берудеміз. Әсіресе, әлеуметтік желілерге жіті назар аударып, тұрақты мониторинг жүргіземіз. Интернет желісінде деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы насихат және алдын алу жұмысын Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жүргізуде.
Дін істері басқармасы тарапынан 2024 жылы интернет желісіндегі жұмыстарды жетілдіру мақсатында негізгі жұмыстар үш бағытта жүзеге асырылуда.
Біріншіден, интернет-ресурстарда қарсы насихат материалдар жариялануда және ілгерілеуде.
Екіншіден, әлеуметтік желілердегі радикалды қауымдастықтардың тіркелушілерімен жұмыстар жүргізілуде.
Үшіншіден, заңға қайшы контентті анықтау мақсатында интернет-кеңістігінде мониторинг ұйымдастырылуда.
Есепті кезеңде әлеуметтік желілерде 2 515 діни танымдық материал жарық көрді.
Ал, дiни экстремизмнiң алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері тарапынан 1 186 іс-шара ұйымдастырылып, оған 147 406 адам қамтылды.
Бұдан бөлек, діни бірлестіктер қызметіне теологтардың қатысуымен тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.
Жалпы алғанда, қала аумағында конфессияаралық шиеленістер туындау фактілері орын алған жоқ.
– Бірлікке сызат түсіретін діни ала-құлалықтан қалай арыламыз? Сіздің ойыңызша, дін мен ділдің, дәстүр мен салттың орнықты үйлесім табуы үшін не істеу керек?
– Ел бірлігі – ең қастерлі ұғымдардың бірі. Халқымызда «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Әлмисақтан бері халқымыз қашанда дініне берік, дәстүріне адал болып келді. Дін мен дәстүрді өзара орайластыра, топтастыра білді. Соның арқасында бұл екі ұстын бүгінде егіз ұғымға айналды. «Үш қасиетің: дініңді, тіліңді, діліңді сақта!» деген дана халқымыз бұл ұғымдардың ара-жігін ажыратпау керегін толық түсінді. Осыларды өзара үйлестіру арқылы еліміз бүгінде өзіндік жолы, өзіндік келбеті, өзіндік менталитеті бар елге айналып отыр десем артық айтқандық емес. Бізге жаңадан «велосипед ойлап табу» қажет емес. Осы орнықты бағытты ары қарай дұрыс дамыта берсек қателеспейтіндігіміз анық.
– Қазір халқымызға теріс діни ағымдар тарапынан қандай қауіп бар? Ара-тұра әлеуметтік желілерде ел арасына іріткі салатын қасаң сөздер мен қилы ой-пікірлер айтылып қалады. Бұл арнайы арандатушы топтардың әрекеті ме, әлде ашық қоғамда болуға тиіс заңдылық па? Осыған тоқтам болуы тиіс керек шығар, бәлкім?..
– Жоғарыда атап өткендей, қоғамдық ортада кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттері ара-кідік бой көрсетеді. Бұл мәселелер қазіргі кезде әлеуметтік желілер арқылы да байқалып жүр. Жалпы, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтін кез келген діни бағыттағы іс-әрекет заңсыздық болып есептеледі.
Ондай жағдайларға жол берілмеуі тиіс. Кереғар діни ағымдардың іс-әрекетіне заңмен тиым салынған. Ол үшін елімізде түрлі деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар жұмыс атқарып жатыр. Дегенмен, мұндай мәселенің алдын алуды біздер тек мемлекеттік құрылымдарға сүйеніп отыра бермей, қоғам болып, күш біріктіре отырып күресуіміз керек. Сонда ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.
«ЖАТ АҒЫМДАРДАН ҚОРҒАНУ ҮШІН АРНАЙЫ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЖЕТ»
– Қоғамды дүрдараздыққа итермелейтін түрлі жат ағымдарға қалай тоқтам салуға болады? Басқарма тарапынан деструктивті діни топтарға тойтарыс беру мақсатында нендей жұмыстар атқарылуда? Жалпы жат ағымдардан сақтану жолдары қандай? Онымен күресте не нәрсеге басымдық берген дұрыс?
– Тәуелсіздік алған уақыттарда елімізде экономикалық, ішкі және сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөлінді. Сол уақыттарда өкінішке орай діни ахуал елеусіз қалып кеткені жасырын емес. Түрлі діни ағымдар елімізге тасалап келіп, өздерінің діни наным-сенімдерін таратты. Айрандай ұйып отырған ел арасына іріткі салуды көздеді. Нәтижесінде, жаңа діни топтар пайда болды. Қазіргі таңда жат ағымдар әлеуметтік желілер арқылы өз қызметтерін белсенді түрде атқаруға тырысуда.
Жат ағымдардың жұмысына тосқауыл қою мақсатында арнайы жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде, қалалық Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің Оңалту жұмыстары және діни-психологиялық қолдау бөлімінің теологтары деструктивті топтардың қатарына түскен азаматтармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, оңалту жұмыстарын жүргізуде. Оңалту жұмыстары оң нәтижесін беруде. Заң бұзушылық, экстремистік және террористік белгілер орын алған жағдайда құқық қорғау органдары тарапынан арнайы шаралар қолданылады. Бұдан бөлек, түзеу мекемесіндегі азаматтармен де арнайы оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Шын мәнінде, жат ағымдардан қорғану үшін азаматтардың бойында арнайы иммунитет қалыптастыру қажет.
Деструктивті, экстремистік, террористік діни топтардың қатарына қосылудың алдын алу үшін халықтың діни сауаттылығының дамуына көңіл бөлу қажет. Діни сауаттылықтың артуы арқылы адам діннің сипаттары мен айырмашылықтарын, дұрысы мен бұрысын, яғни теріс ағымдарды ажыратуды үйренеді. Сондай-ақ өзінің жеке құқықтарын білу арқылы жат ағымдардың кез келген жерде өз діни идеологияларын таратуына тосқауыл болады.
– Мемлекет – қоғамдағы дін саласын реттеуші. Осы ретте интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқырылып жатыр?

– Шымкент қаласының дін істері басқармасы құзырет шегінде бес бағыт бойынша жұмыстар атқарып келеді. Соның бірі – ақпараттық саясатты жүргізу. Деструктивті діни идеологияның ақпараттық кеңістікте таралуын болдырмау және алдын алу үшін негізгі үш бағытта жұмыс жүргізудеміз. Атап айтқанда, интернет-ресурстарда қарсы насихат материалдарын тұрақты түрде жариялаймыз, әлеуметтік желілердегі радикалды қауымдастыққа тіркелушілермен жұмыстар үйлестіреміз және заңға қайшы контентті анықтау мақсатында мониторинг жүргіземіз. Сонымен қатар қаладағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аймақтарда фокус топтар зерттеу жүргізеді. Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – туындауы мүмкін мәселелерді анықтай отырып, алдын алу шараларын ұйымдастыру.
– Зиялы қауым – қоғамның айнасы. Елдегі діни ахуалдың қалыптасуына түрлі қоғамдық ұйымдар да өз үлесін қосатыны белгілі. Келесі сауалым діни бірлестіктерге қатысты. Олармен өзара іс-қимыл қаншалықты деңгейде жолға қойылған?
– Жоғарыда айтып өткенімдей қала аумағында 12 конфессияны білдіретін исламдық емес бағыттағы 32 діни бірлестік және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 95 мешіт қызмет атқарады. Осы мақсатта ең алдымен қаладағы діни конфессиялардың жетекшілерімен «Діни бірлестктер клубы» аясында тоқсанына бір рет және әр айда жетекшілерімен жеке кездесуіміз тұрақты жолға қойылды. Ол кездесулерде түрлі деңгейдегі проблемалық мәселелер қаралып, оларды оңтайлы шешудің жолдары қарастырылады. Бұдан бөлек, қалалық дін істері басқармасы тарапынан діни ұйымдар өкілдерінің қатысуымен семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстел мәжілістері көптеп ұйымдастырылуда.
– Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелердің бірі – білім беру мекемелерінде хиджаб, орамал мәселесі. Бұл тарапта басқарма тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жыл сайын оқу басталар кезде мектепте орамал тағу тақырыбы көтеріледі. Биыл да бұл мәселеге назар аударылды. Біздің мемлекетіміз Конституция бойынша зайырлы мемлекет деп есептелінеді. Сәйкесінше, мектеп те зайырлы.
2024-2025 жаңа оқу жылында жалпы орта білім беру ұйымдарында ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығының талаптарын қатаң сақтау мақсатында оқу-ағарту министрлігі тарапынан әзірленген «Мектептің ішкі тәртіп Ережелерін қамтамасыз ету қағидалары» бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда.
Басқарма тарапынан орамал тұтынушы оқушылары бар мектептерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарды жүргізуге ерекше назар аударылды. Бұл ретте теолог мамандардың қатысуларымен мектеп оқушылары мен ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарды жүргізілуде.
«МЕН ҮШІН ӨМІРДІҢ МАҒЫНАСЫ – АДАЛ ӨМІР СҮРУ»
– Бахтияр Әлтайұлы, әңгімеміздің ауанын өзге бағытқа бұрсақ. Сіз «мемлекетшіл», «елшіл» деген ұғымдарды қалай түсінесіз? Сіздің пайымдауыңызша ол қандай азамат? Анықтамасы бар ма?

– Менің түсінігімдегі «мемлекетшіл» адам ол бар өмірін мемлекеттік қызметке арнаған адамдар. Яғни, мемлекетке адал қызмет ету үшін еңбек етіп, ғұмырын өз ісіне, жұмысына арнайтын мемлекеттік қызметкерлер. Мен нағыз мемлекетшіл тұлға деп қазіргі таңда мемлекеттік биліктің ең жоғарғы лауазымына жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты, бар саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаевты, еліміздің сот саласының өркендеуінде дара қолтаңбасын қалдырған Қайрат Әбдіразақұлы Мәмиды айтар едім. «Елшіл» деген ұғым мен үшін еліне, туған жеріне деген адалдықпен астасады. Нағыз елшіл азаматтар ретінде Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаны, қоғам қайраткері Ирак Елекеевті айтар едім.

Жалпы 35 жыл еңбек өтілімнің 33 жылын мемлекеттік қызметке арнап келе жатырмын. Осы жылдары аралығында заң шығарушы, атқарушы және сот билігінде қызмет атқардым. Былайша айтқанда, Қазақстанның үш билік тармағында да еңбек етіппін. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы болып тұрған тұста Сенаттың аппаратында басшылық лауазымда қызмет атқардым. Ал Жоғары Соттың Төрағасы Қайрат Мәми болған тұста сот билігі саласында еңбек еттім. Ал атқарушы биліктегі еңбек жолым Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың 3 жыл орынбасары және Алматы облысы Текелі қаласының әкімі ретінде еңбек еткен кезеңмен байланысты. Атқарушы биліктегі шоқтығы биік қызметім – Президенттің Іс басқармасында бөлім меңгерушілігі. Онда бірнеше жыл қатарынан табанды әрі нәтижелі еңбек еттім.
Бүгінде Шымкент қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтің басшылығымен елге қызмет етудемін.
– Өтірікті қаншалықты жиі айтасыз?
– Өтірік мүлде айтпадым деп айта алмаймын. Себебі, ол шындыққа жанаспас. Шыны керек, жас кезде өтірікті айтып қоятын кездерім болды. Мектепке бармау үшін, ойнау үшін немесе ата-анамыздың жазалауынан қашқандықтан өтірік айтатын кездеріміз барлығымызда да болған шығар. Жас ұлғая келе ақыл тоқтатқаннан соң өтірік мүлде айтпауға тырысамын. Қазақта «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген жақсы сөз бар. Өтіріктің дұрыс емес екенін біліп, бұл нәрседен сабақ алдық. Өтіріктен барынша аулақ жүруге тырысамын.
– Достарыңыздың саны қанша? Олардың көп болуы мүмкін бе?
– Өмірімдегі ерекше әрі орны бөлек жандар – достарым мен құрдастарым. Жалпы менің өмірімнің әр кезеңінде танысып, біліскен достарым бар. Олардың әрқайсысының орны бөлек. Он жыл мектеп қабырғасында бірге оқыған, бала кездегі қызықтарымызды бірге өткізген сыныптас достарым бір бөлек. Студенттік шақта жатақханада бір нанды бөлісіп жеген достарыммен әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Ал өмірлік достарымның қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Қайрат Айтбай, заңгер Қайрат Иманбеков, Мұхит Айтуаров сынды азаматтар бар.
– Сіз үшін өмірдің мағынасы неде?
– Мен үшін өмірдің мағынасы – адал өмір сүру. Ата-ананы сыйлау, ағайын-туысты құрметтеу, достармен сыйласу. Ұл-қыздарыңды дұрыс тәрбиелеп өсіру. Зейнеткерлікке жетіп, немере сүю, бақытты отбасын құру. Алланың қаһарынан қорқып – адал өмір сүру. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ұлы Абай айтқандай адал еңбек етіп, маңдай термен нан табу, салиқалы ұрпақ өсіру және қоршаған ортамен жақсы қарым-қатынаста болу – өмірдің басты философиясы.
– Адал адам, ол қандай?
– Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қазіргі заманда бұл қасиеттің көп адамдардың бойынан табылмай, азайып бара жатқаны қынжылтады. Мен үшін адал адам – біреудің ала жібін аттамайтын, біреуге қиянат жасамайтын, өне бойынан қарапайымдылық табылатын, көркем мінезді адам.
– Өмірдегі немесе жұмыстағы басты ұстанымыңызды білсек бола ма?
– Ұстанымым – таза жүру, ешкімнің көңілін қалдырмау. Бойымда қарапайымдылық қасиетті сақтап, ешкімге тәкаппарлық мінез көрсетпеу. Әрқашан өмірдің алма-кезек екенін ешуақытта естен шығармау керек. «Мен қанша биікке көтерілсем де, халықтан төмен екенімді ұмытқаным жоқ», – деген тарихымыздың бірегей тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың осы бір халық арасындағы кең таралған сөзі менің өмірімдегі әрі қызмет барысындағы басты қағидам.
Сұхбаттасқан Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Related posts

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайынбыз ба?

Қандай фильмдер ұлттық деп танылатыны белгілі болды

«МУЗЕЙ – ҚҰНДЫЛЫҚТАР ОРДАСЫ»

Leave a Comment