Денсаулық

Қазақстанда жаппай вакцинациялау қайта басталды!

Елімізде күзбен бірге вакцина салу науқаны бастау алды. Бұл жолы әңгіме «адам папилломасы вирусы» (АПВ) туралы. Оған қарсы вакцинация жоспар бойынша 11 жастағы барлық қыз балаларға салынуы қажет көрінеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, вакцинация мектептерде өтеді. Ата-аналар қатыстырылмайды, тиісінше, оларға жұмыстан сұранып, баласын емханаға апарудың қажеті жоқ. Дегенмен, ведомство екпенің «ерікті негізде» салынатынына сендіреді. Бұл үшін мектеп мейірбикелері ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бланкіге қол қойғызып, жазбаша келісімін алуы шарт екен.

Кезіндегі коронавирусқа қарсы екпе сияқты, АПВ-ға қарсы вакцинация да арасына 6 ай салып, екі сатымен жүреді. Мамандар тек сонда ғана «әйел заты үшін аса қауіпті дертке қарсы көпжылдық иммунитет түзілетінін» мәлім етті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырына шалдығудың 5-тен астам жағдайы тіркеліп, тиісті диагноз қойылады. Анықталмағаны, бойында сондай дертінің барын білмейтін әйелдердің саны нақты қанша екені белгісіз.

Астананың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиеваның айтуынша, жатыр мойны обыры – гинекологиялық патологияда сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр.

«Жатыр мойны обырының дамуына 90–95% жағдайда онкогенді типтегі адам папилломавирусы – 16-шы және 18-ші түрлері себепкер болатыны дәлелденді. Қынжылтатыны, бұл ауру негізінен жап-жас қыз-келіншектерді өлтіреді. 80–95% жағдайда жатыр мойны обыры жас, әлеуметтік белсенді, бала тууға қабілетті, яғни, 20–45 жастағы әйелдерден табылады. Бұл кесапатты қалай тоқтатамыз? Халықты қалай сақтап қаламыз? Оның бір ғана жолы бар, ол – екпе салғызу!», – деді Жанна Қыдырбайқызы.

Қазақстанда әйелдердің жатыр мойны обырының санын қысқартуға мүмкіндік беретін АПВ-ге қарсы вакцинация тегін жүргізіледі. Республикадағы жатыр мойны обырына қарсы онкологиялық қызмет бағдарламасы 11 жастағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы егу арқылы оларды осы «обыр» тажалдан қорғауға бағытталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 9–14 жастағы қыздарды вакцинациямен барынша кең қамтуға кеңес береді. Дәрігерлер жүз пайыз кепілдік бермейтінін ескерген жөн. ДДҰ мәліметінше, вакцина ондаған жылдар бойы тиімділігін сақтайды. Жалпы, медицина қауымдастығының осы вакцинация мәселесінде бірауызды еместігі назар аудартады. АПВ-ға қарсы екпе бертінде, 2007 жылдың қазанында ғана лицензияланыпты. Оның өзінде әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің 135-і оны қабылдады.

Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация пилоттық жоба ретінде 2013 жылғы қазанда басталды. Сонда 11-12 жастағы қыз балалар қамтылды. Қазіргі кезде тек 11 жастағы жеткіншектер алынып отыр. Бұрынғы жылдары Үкімет халық арасында жүргізген түсіндірме жұмыстары кезінде: «3 рет енгізгеннен кейін жоғары иммундық жауап түзіледі де, ол кем дегенде 10 жыл сақталады» деген ақпарат таратты. Кейін екпе егу саны 2-ге дейін түсірілді.

Халықтың: «бұл екпенің қандай зиянды жанама әсерлері бар?» деген сұрағына билік өкілдері егжей-тегжейлі, жан-жақты ақпарат бермейді. «Ашық диалог» порталында да қазақстандықтардың тиісті сауалына қысқа ғана жауап орналастырылған: «Қыз баланың денесіне АПВ ендіруге қатысты реакция пайда болуы мүмкін, кез келген дәрілік препаратқа реакция болады. Бұл ағзаның жеке төзушілігіне байланысты болып келеді».

Мұндай жауапқа қанағаттанбаған қазақстандықтар жай-жапсарын білу үшін Гуглге жүгінеді. Жалпы, денеге «адам папилломасы вирусын» ендіру деп неге айтып отыр?

«Мен дәрігер емеспін, бірақ қыз баланың болашағына жауапты ана ретінде амалсыз, алаңдатқан сұрақтарға жауапты интернеттен іздедім. Онда не делінген? Жатыр мойны обырына қарсы вакцина әлемде жоқ дейді. Өйткені, онкологиялық аурулар полиэтиологиялық дерттерге жатады, олардың туындау себептері көп. АПВ немесе онкогенді папилломавирусты жұқтыру – жатыр мойны қатерлі ісігінің пайда болуының бір себебі ғана. Папилломавирустардың саны көп, олардың ішінде 16-шы және 18-ші типтері ең бір қауіптісі саналады. Әйелдерді олардан қорғау үшін Гардасил немесе Церварикс вакциналары қолданылады. Бірақ медициналық тәжірибеде жатыр мойны обырына шалдыққандардың кейбірінен 16-шы, 18-ші типті папилломавирустар табылмаған. Бұл вирустік инвазия – аурудың туындауының жалғыз себебі еместігін дәлелдейді», – дейді ана Алеся Кустутинова.

Ол мысалы, хламидиялардың онкологиялық ауруларға қозғау салуға қабілетті екенін, хламидияларға қарсы вакцинаның жоқтығын біліпті.

Сондықтан қоғам өкілдері медицина мамандарынан: «бұл вакцина АПВ-дан да, жатыр мойнының қатерлі ісіктерінің барлық түрінен де толық қорғамайды», – деп халыққа ашық айтуды, алдамауды талап етіп жүр. Вакцина салғызғандар кейін қауіпті аурумен ауырып қалып жатса, жұртшылықтың онсыз да аз сеніміне соққы болады.

«Бүгінде, шынында да, адам папилломасы вирусын емдеу жолы жоқ. Алайда, адамзатқа оның профилактикасының жалғыз ғана әдісі белгілі, бұл – вакцинация. АПВ-ға қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы әлемнің 135 елінде қолданылып келеді. ДДҰ мәліметінше, АПВ вакцинациялауын енгізгеннен кейін 4 елде аурудың таралуы айтарлықтай төмендепті. Сондықтан 11 жасар қыздардың ата-аналарын бұл аурудың алдың алу және өскелең ұрпақтың сау болуы үшін уақытылы вакцина салғызуға рұқсат беруге шақырамыз», – деді елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева.

Жанна Пірәлиева америкалық екпе егілетінін нақтылады.

«Қазақстандағы жоспарлы вакцинациялау кезінде АҚШ-та өндірілген «Merck Sharp & Dohme» (Мерк Шарп және Доум») компаниясының адам папилломасы вирусына қарсы вакцина қолданылатын болады. Вакцина төрт валентті, ол АПВ-ның төрт жоғары онкогенді типінен –  6-шы, 11-ші, 16-шы және 18-ші типтерінен қорғайды. Ерте жастан вакцинацияланған әйелдер қатерлі ісіктің дамуына соқтыруы мүмкін жоғары онкогенді қаупі бар АПВ-ның көптеген түрлерінің алдын алады. Вакцинаның тиімділігі жеткілікті түрде жоғары, қорғаныш иммунитеті көптеген жылға созылады», – деді Жанна Пірәлиева.

Онкогинеколог Бақытжан Әлібекованың айтуынша, ерте кезеңдерінде жатыр мойны обырының елеулі симптомдары бола бермейді, салдарынан оны ерте анықтау қиындайды. Сол себепті, маман әйелдерге жатыр мойны обыры (рак шейки матки) скринингінен өтіп тұруға кеңес береді. Соның нәтижесінде аурудың өршуінің алдын алу, немесе ерте кезеңінде емдеуді бастау мүмкін болады.

Қазақстанда тексеріс негізгі екі тәсілмен жүргізіледі. Біріншісі – ПАП-тест (цитологиялық зерттеу) деп аталады. Оның барысында жатыр мойнының қатерлі ісікке бастайтын өзгерістерін көрсетуі мүмкін аномальды клеткалары анықталады.

Екіншісі – АПВ тест аталады. Ол АПВ-ның жоғары онкогенді типтерінің бар-жоқтығын анықтайды. Көп жағдайда қос тест қатар жүргізіледі.

«Скринингті 21 жастан бастауға кеңес береміз. 21-ден 29 жас аралығындағы қыз-келіншектер әрбір 3 жылда бір рет ПАП-тесттен өтуге тиіс. 30-дан 65 жасқа дейінгі әйелдер ПАП-тест пен АПВ тестінің комбинациясынан әрбір 5 жылда бір өтіп тұруға тиіс. Тек ПАП-тесттен ғана өтсе, онда әрбір 3 жылда – бір рет. Егер әйелдің бұған дейінгі барлық скринингтері теріс нәтиже көрсетіп келсе, онда 65 жастан асқан соң скринингтерден өтуді доғаруына болады. Тұрақты скринингтік тексеріс жатыр мойны обырының даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Бұл скрининг мемлекеттік бюджет есебінен көптеген емхана мен медициналық орталықтарда тегін ұсынылады», – деді онкогинеколог Бақытжан Советқызы.

Қазақстандық дәрігерлер адам папилломасы вирусы (АПВ) келесі жолдармен берілетінін ескертеді:

·      Тұрмыстық жанасу жолымен – қол алысу, терінің теріге тиюі, сүю, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін.

·      Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық тамақтану, бұқара көп жиналатын орындарға барғанда өзіңізді ұқыпты, таза ұстағаныңыз дұрыс.

·      Жыныс жолымен (негізгілерінің бірі) – вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдер пайда болады;

·      Туу кезінде анадан балаға – сәбиге босану жолдарымен өтуі кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында аузында немесе терісінде пайда болады;

·      Өзін-өзі жұқтыру жолы – АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады. АПВ тырнақ астында ұзақ уақыт сақтала береді. Салдарынан, ол адам вирусты өзіне жұқтырады, ары қарай өзгелерге тасымалдайды.

Елордалық медицина шенеунігі Гүлназ Досмырзаеваның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1 900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеледі. 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады. Республикада жатыр мойны обыры – барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінге кең таралған обырдың екінші түрі болып табылады.

Сондықтан 11 жастағы қыз балаларына тиісті вакцинаны салғызу-салғызбау туралы шешімді әрбір ата-ананың өзі қабылдағаны дұрыс.

Related posts

Елімізде қауіпті ауруды ерте анықтаған дәрігерлер сыйақы алады

Елімізде пневмонияға шалдыққандар саны артты

Ақтөбеде пациент аурухана дәрігерлерін соққыға жықты

Leave a Comment