Денсаулық

Қазақ жігіті Америкада компания ашып, оны 200 миллион долларға сатты

Кәсіпкер, стартапшы Қанат Бектеміровтың ағылшынша әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ тілі (Kazak) – ана тілі екені, сондай-ақ оның қарақалпақ (Kara-Kalpak), өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде таза сөйлейтіні айтылған.

Қанат – өз ортасында алпауыт Google-дің ұсынысын қабылдамай, меселін қайтарған стартапшы ретінде белгілі. Ол «алпауыттың теңізіндегі шабақ болғысы келмегенін» айтады. Оның орнына стартапын өзі ілгерілетті: америкалық супермаркеттерде миллиондап табыс табудың төл тәсілін ойлап тауып, Coca-Cola-ға дейін тәнті етті.

Осылайша, ол Америка Құрама Штаттарына барып, арманын жүзеге асыра алған азаматтардың бірі. Досымен бірге Америкада «SupplyPike» компаниясын құрып, өз бетінше дамытты. Таяуда стартапын 200 миллион долларға сатып жіберді. Сөйтіп, оның жылдық табысынан 10 есе көп кіріске қол жеткізді. Осыдан кейін оған кем дегенде он жыл бойы ештеңе істемей, шалқып өмір сүруіне болар еді. Бірақ Бектеміров даму даңғылымен алға ұмтылуын жалғастырды.

Kun.uz порталының дерегінше, Қанат Бектеміров бала кезін Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласында өткізді, кейін Ташкентке көшкен.

Орталық Азия аса дарынды баланың тақиясына тар келіп, 10-шы сыныпта ол Америкаға оқуға аттанады. Арканзас штатында тұрып, 12 жылдық мектепті бітіреді. Содан кейін Арканзас университетіне түсіп, информатика мамандығын игерді. Бұл ХХІ ғасырдың басы болатын.

«Мен – қазақпын! Қарақалпақстанда өстім. Өзбекстанда 9-шы сыныпты аяқтаған соң отбасыммен АҚШ-қа, Фейетвилл қаласына көштік. Әкем жергілікті университетке жұмысқа тұрды. Мен жергілікті мектепте оқыдым. Бағдарлама жазумен 7-ші сыныптан бері айналысқан едім. Сол себепті, кейін Арканзас университетінің Computer Science факультетіне түстім», – дейді Қанат.

Оқып жүріп, Google, Amazon сияқты америкалық техноалпауыттардың бас кеңселерінде жұмыс істеді. Осы сияқты алыптар өздерін өрге сүйрейтін таланттарды, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды мектеп пен университеттер қабырғасынан іздеп тауып, дарынын, шеберлігін ұштайтыны белгілі.

«Тіпті студент болып жүргенімде, маған Amazon мен Google-де бүкіл Америка тұрғындарының орташа жалақысынан жоғары жалақы төледі. Бұлардың білікті айтишілерді қатты бағалайтынын осыдан аңғаруға болады. Университетті бітіргеннен кейін достарыммен бірге стартап компаниямызды құрдық. Оған Humanlink деген атау бердім. Бұл маркетплейс форматындағы сервис болатын. Біздің стартап отбасыларға қарияларға күтім жасайтын, көмек көрсететін сертификатталған мамандарды, күтушілерді табуға көмектесті. Жаспыз, сату, маркетинг жағын ақсаттық. Бизнес қарқынды жүрмеді, табысы шамалы болды, сондықтан біз оны 2 жылға жеткізбей жауып тастадық», – деп жетістік жолында қандай соқтықпалы, соқпақсыз белестерден өткенін әңгімеледі Қанат.

2016 жылы CaseStack компаниясына жұмысқа тұрған досы оны қасына алады. Екеуі бірге 2 жыл жұмыс істеген. Жұмыс берушісі инноваторларға компания ішінен төл R&D (зерттеу және әзірлеме) бөлімін құрып, еркіндік береді. Мүмкіндікті пайдаланып, Бектеміров бағдарламалық қамтылымын жазуға кіріседі.

2018 жылы CaseStack-ты басқа компания сатып алып, Қанаттың тобына екі таңдау қояды: не ол жаңа CaseStack-қа қосылады, немесе одан бөлініп кетеді. Бектеміров командасымен бірге екінші жолды таңдады және SupplyPike атты жеке компаниясын тақырдан құрып, ілгерілетуге бел байлайды. Бастапқы кезеңнің өзінде олар 15 миллион доллар инвестиция тарта алды. Осылай «SupplyPike» тарихы басталды.

Бір қызығы, негізінен, жүк тасымалымен айналысатын ірі CaseStack компаниясы жылына 215 миллион табыс әкеледі екен. Жаңа инвестор оны 250 миллион долларға сатып алған. Ал, Бектеміровтың 20 миллион доллар табыс әкелетін стартапын инвестор 200 миллионға сатып алды. Өйткені ол келешегінен мол үміт күттіреді. Яғни, болашаққа инвестиция.

«Мен компанияның техникалық директоры болдым. Бір айдай бұрын бізді SPS Commerce 200 миллион долларға сатып алды. Бұл стартап қарқынды өсуші компания саналады. Бүгінде 20 миллион, былтыр 10 миллион, алдыңғы жылы 5 миллион доллар тұрды. Ендеше екі еселеніп отырады. Бірақ біз стартапымызды тастап кеткен жоқпыз. Ірі компанияның қоластында жұмысты жалғастырдық. Мұнда да біз жеке, оңаша отау болып, еңбек етеміз. Басқаша айтқанда, компанияда негізі қаланған 2018 жылдан бері қызмет етіп келемін. Алайда енді заң тұрғысынан компанияның құрылтайшысы саналмаймын. Соған қарамастан, компаниядағы басты 4 тұлғаның бірімін», – дейді Қанат.

Бастапқыда америкалық ірі компанияның басшылығы оны стратегиялық мәселелер жөніндегі бас директор лауазымына тағайындады. 3 жыл бұрын ол техникалық бөлімнің бас директоры қызметіне тұрды. Компанияның басшысы, негізін қалаушы, қаржы директорынан кейінгі төртінші тұлға саналады екен.

Қазіргі уақытта оның қоластында 40-қа дейін маман жұмыс істейді. Оның командасы бірнеше өнімімен нарыққа шығып үлгеріпті.

Қанат өз стартапын іске қоспас бұрын жергілікті нарықты зерделеп, егжей-тегжейіне қаныққан. Оның айтуынша, Америкада тауарлардың бөлшек саудасын supply chain (жеткізілімдер тізбегі) аталатын алпауыт супермаркеттер және ритейлерлер (бөлшек саудагерлер) жүзеге асырады.

«Бұлардың әрқайсысына қатысты шешімін күткен мәселелер бар. Мысалы, Walmart, Amazon, Target, Kroger сияқты ірі компаниялардың ережелері де, регуляциясы да көп, әрі әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Салдарынан, оларға тауар жеткізе алатын өнім берушілер де әралуан. Бір супермаркетте сатып алып үйренген брендіңізді басқасынан таба алмай қаласыз. Немесе, жеткізушіні де лезде ауыстыра салуы мүмкін. Соның кесірінен компаниялардың қоймаларында тауарлардың үлкен қоры қалып қояды. Олар оны ірі супермаркеттер желісіне жеткізгенімен, қабылдамай қоюы, қабылдаса, ақысын төлемей қоюы, айыппұл салуы мүмкін. Оны басқа желілерге қалай жылдамырақ жеткізіп, өткізуге болады? Бизнестегі елеусіз қалатын осы және басқа проблемалардың шешімін ұсынамыз», – дейді америкалық қазақ кәсіпкері.

SupplyPike супер-гипермаркеттердің шет-шегі жоқ қаптаған ережелер жинағымен байланысты құжаттамаларды бір жерден (Қазақстан шенеуніктерінің тілімен айтқанда, «бір терезеден») реттеуге көмектесетін бағдарламалық қамтылым ұсынды. Оны Coca-Cola да пайдаланатын көрінеді.

Пысық, сөзге шешен Қ.Бектеміров банкирлермен, инвесторлармен келіссөздер жүргізудің шеберіне айналды, ол өз бөлімінің капиталын 40 миллион долларға дейін ұлғайта алыпты.

«Иелігімізде қомақты қаражат пайда болғаннан кейін біз мықты команда жасақтауға кірістік. Қазіргі кезде соған қол жеткізіп отырмыз. Америкада білікті мамандарды өзге компаниялардан тартып алу өте күрделі. Біздің тарапымыздан талап та жоғары болды, сондықтан біраз үміткердің меселін қайтардық. Ең басты бір мәселе – нарыққа қандай өніммен шығу, ойыншылар мен тұтынушыларды қызықтыру. Біздің артықшылығымыз – клиенттерге, қарапайым тұтынушыларға барынша жақынбыз, командам жұртшылықпен қоян-қолтық араласады. Ірі компаниялар сияқты фокус-топтармен шектелмейміз. Қанымда қазақтың қонақжайлылығы, кеңпейілдігі бар. Бірақ менің басты кәсібім – бағдарламашы. Сондықтан жаңа жобаны жоспарлап, әрбір кодты жазбас бұрын, алдымен оның қанша жаңа клиентті тарта алатынын ойластырамын», – дейді Қанат Бектеміров.

Оның компаниясының негізгі клиенттері – өндірістік компаниялар. Өндірушілер өз өнімдерін Amazon, Walmart сияқты ірі желілерге өткізеді. Компания сондай-ақ бухгалтерлік қызметтер де көрсетеді. Қанаттың фирмасы мысалы, Amazon-дардың қандай қоймаларында өз клиенттерінің қанша тауары қалғанын, сұраныс қаншалықты зор екенін шынайы уақыт режимінде есептеп, көрсетіп отырады екен.

«Біздің 500-ден астам ірі клиентіміз бар, біз Американың өндірушілерімен ғана жұмыс істейміз. Өйткені бағдарламамыз тек АҚШ супер-гипермаркеттерінің жұмыс ережелеріне негізделген. Өндірушілер соған сай келуі үшін оларды бағдарлайды. Бірақ таяу жылдары Еуропаға шығуға ниеттіміз. Бұл қадамды жасамас бұрын еуропалық нарықтың проблемаларын зерделеуді, тек содан кейін шығуды жоспарлап отырмыз», – деді стартапшы.

Орталық Азия нарығына шығу жоспарларында жоқ көрінеді. Бұл нарық шағын саналатыны, ондаған миллиард доллармен есептелетіні мәлім. Қанаттың айтуынша, мысалға, Батыстың нарықтарына жеткізу тізбегі 5–6 триллион долларға бағаланады.

Қ.Бектеміров айти маманы ретінде жасанды интеллектпен айналысуды да жоспарлауда: келесі стартапы сонымен байланысты болуы мүмкін.

Related posts

Астаналық дәрігерлер науқасқа таксимен барады

Әлемде кез келген уақытта жаңа пандемия басталуы мүмкін — ДДҰ басшысы

Үндістанда қауіпті вирус таралып жатыр: 16 адам көз жұмды

Leave a Comment