Саясат

Олжас Бектенов: Жылыту маусымына қомақты қаражат бөлінсе де, жұмыс толық жүргізілмеген

2-ЖЭО-да құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр.

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалғанын және басшылардың көпшілігі дайындық туралы сенімді сөйлеуге тырысса да жұмыстың нәтижелі болатынына сеніңкіремейтінін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Үкімет басшысы жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналғанын, яғни, дұрыс жоспарлау жоқ екенін баса айтты.

«Мәселен, Қарағанды облысын алайық. «Qarmet» компаниясының 2-ші ЖЭО-сындағы 2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Оның үстіне 1-ші қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмаған. №7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Ал өткен мамыр айында осы мәселені қарағанымызда облыс әкімі 7-ші қазандық мерзімінде іске қосылады, деп мәлімдеген болатын», — деді премьер-министр.

Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-ші жылу электр орталығындағы №4 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ.

Сондай-ақ 2-ЖЭО-да құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр.

Бұл ретте Үкімет тарапынан МАЭК-ті дамытуға қомақты қаражат бөлінді.

«Біздің отырыстарымыз бен кеңестерімізде облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды.  Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. Жылу орталықтарың әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Related posts

Ұлттық банк төрағасы президентке жылдық инфляция бәсеңдегенін баяндады

Тоқаев БАҚ өкілдері мен өзін блогер санайтын кейбір азаматтарға үндеу жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Leave a Comment