Қоғам

Қазақстанда пәтерақы өсті: Студенттер не істемек

Жатақхана қатысты жоспар орындалды ма

Қазақстанның демографиясымен бірге білім алушы жастардың да саны еселеніп жатқанын уақыт көрсетті. Әйтсе де тиісті ведомстволар бұл мәселені толық шеше алмады. Президент орнына отырғаннан кейін көп ұзамай, 2020 жылы мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың орынды қамтитын жатақхана салынуға тиіс екенін айтқан. Яғни, келер жылы аталған тапсырманың мерзімі аяқталады. Бірақ аталған істе Үкімет белсенді бола алмады. Мысалы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, елде 10 364 орындық 49 жатақхана салынған. 2022 жылы алғашқы 6 айда 1320 орынды қамтитын 6 жатақхананың құрылысы біткен. Осылай ресми деректі тізе берсек болар еді, алайда тапшылық кемімегенін білеміз. Әйтеуір былтыр Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек алдағы 3-5 жылдың ішінде жатақхана мәселесі толық шешілетінін айтып ақталыпты.

Қазір елде 600 мыңға жуық студент бар. Мәселен, energyprom.kz дерегінше, басқа қалаға барып оқып жатқан 313,1 мың жастың 134,6 мыңы жатақханаға мұқтаж. Бірақ кейде жауапты ведомстволар мұқтаждықты азайтып көрсететіндей. Былтыр Жоғары білім және ғылым министрлігі 24 мыңға жуық орынға қажеттілік бар деп жеткізген. Осыған қарап-ақ жағдайды бағамдай беруге болады. Тапшылықтың барын ешкім жасырмайды. Жылдағы әдет бойынша университеттер бірінші кезекте жатақханаға 1-курс студенттерін орналастырады. Содан кейін университет қабырғасында белсенділігімен көзге түскендерге орын тиеді. Қалғандарының үлгергені алып, үлгермегені қалады. Студенттер үйіне орналаса алмағандар бірлесіп пәтер жалдап тұруға мәжбүр болатыны даусыз.

Құн шарықтап барады

2021 жылы тамыз бен қыркүйек айларында осы мәселеге қатысты бүкіл ел аумағында дау туғанын білеміз. Содан бері жағдайдың жылда қайталануына көз үйренді. Қазірдің өзінде пәтер иелері мен риэлторлардың кейбірі бағаны өсіруге ниеттенетіні анық. Жылда тамыздың ортасынан бастап Krisha.kz-тегі хабарландыруларда «студенттер келетін кез жақындады, сондықтан пәтер жалдау бағасын қымбаттатпаңыз» деген жазбаларды көзіміз шалады. Рас, жаңа оқу жылы таяғанда студенттердің қалаға ағыларын біліп, пәтер жалдау құнын өсіретін әдет бұрыннан бар еді. Әйткенмен, кейінгі 4 жылдағы бағалар шектен шыққандай көрінеді.

Студенттердің басым бөлігі шоғырланатын Астана мен Алматы қаласындағы бағалар көтерілгені анық аңғарылды. Krisha.kz аналитикасы бойынша, тура бір жыл бұрын елордада 1 бөлмелі пәтер жалдау бағасы орта есеппен айына 184 мың теңге болған. Ал биыл 190-206 мыңның арасында тұр. Алматыда жағдай тіпті күрделі, былтыр жағдайы жақсы, оқу орындарына жақын орналасқан 1 бөлмелі пәтерді орташа 298 мыңға жалдауға болатын. Биыл 300 мыңның үстіне шарықтады. Әрине, 160-200 мың теңгеге хабарландырулар шығады. Алайда қаланың шеткі аудандарында немесе жағдайы жасалмаған болады деп хабарлайды — inbusiness.kz.

Жоғарыда біз бұл үрдістің өзге өңірлерге келіп жатқанын айттық. Мысалы, Қызылорда қаласын алып көрейік. Осыдан 4-5 жыл бұрын мұнда 40-50 мың теңгеге қалаған пәтерін шертіп жүріп жалдайтын студенттер қазір жағдайдың қиындағанын айтады. Соның бірі – Саят Бауыржанұлы. Биыл колледждің 3-курсына аяқ басқан ол жыл сайын пәтерақы қатты өсіп жатқанын алға тартты.

– 2022 жылы қаладан 50-60 мың теңгенің шамасында жалдауға пәтер оңай табылатын. Былтыр 2 бөлмелі үйді 80 мың теңгеге жалдадық. Krisha.kz-тен пәтер қарау тиімсіз, себебі онда үй иелері ойына келген бағаны қояды. Оның үстіне телеграм немесе уатсап желісіндегі пәтер іздеуге арналған чаттарға қосу үшін ақша сұрайтындар көбейді. Сондықтан пәтерді таныстар арқылы тапқан жөн. Биыл жалдау құны 100 мыңнан кем болмайын деп тұр, – дейді студент.

Былтыр Krisha.kz аналитикасы Қызылордада 2 бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құнын 130 мың теңге деп көрсеткен еді. Ал биыл талдау жасалмаған екен. Шолып көрдік, 1 бөлмелі пәтер үшін 100 мыңнан бастап, әрісі 180 мың теңгеге дейін сұраған үй иелері бар екен. Болжауымызша, былтырғыдан қарағанда орташа бағаға 10 мың теңгедей қосылған.

Жалға берушілер дәл осы тамыз айын асыға күтетіндей. Грант негізінде оқитын студенттер 67 мың теңге мөлшерінде шәкіртақы алады. Әрине, аса көп емес, дегенмен бір шығынын жабуға жетеді. Ал ақылы бөлімде оқитын студенттердің жағдайын ойлай беріңіз. Бірінші кезек ауырлық ата-анасына түседі, кейін студент амалсыз оқуынан тыс уақытта жұмыс істеуге көшеді. Соңында білім сапасына қатысты мәселе туындайды. Осындай проблемалар қазақстандық студенттер жатақханамен толық қамтылмайынша жол тоса беретіні сөзсіз.

Бұл уақытта алаяқтар да бас көтереді. Риэлторлардың пәтер тауып беруі үшін қызмет ақысын алдын ала алып, далада қалдырып кеткен оқиғалар бар. Пәтер тауып берді деген күннің өзінде ақысы арзан емес, көбіне ставка пәтердің 20 пайыз мөлшерінде жүреді. 200 мыңға жалдайтын пәтер тауып берсе, 40 мың қосымша шығындалуға мәжбүрлейді. Оның үстіне келісімшарт жасаспайтын үй иелері бар. Кез келген уақытта негізсіз пікірін айтып, үйден қуып шыға салуы мүмкін.

Жалпы, инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын. Сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бюрократизмге айналғаны жасырын емес. Жағдай әр жыл сайын қайталана берсе, бір мәселенің кесірінен білім саласын әлсіретіп алуымыз мүмкін. Бүгінде жатақханадан орын ала алмаған студенттердің жағдайға көндігіп, бірігіп пәтер жалдаудан басқа амалы жоқ. Осылай үміт арқалап, қалаға аттанған студенттерге оқудан бұрын, тұрақтайтын жері уайым.

Related posts

Қазақстанда қолма-қол ақша қайтадан танымал болды

САЙРАМДЫҚТАР 6 МЫҢНАН АСТАМ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗДЫ

Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталды

Leave a Comment