Денсаулық

«Трояның ағаш аты». Қазақ ғалымының онкологияға қарсы дәрісі қатерлі ісікті қалай жояды

Биолог Дос Сарбасов онкологияның төртінші сатысындағы адамдарға қолданатын дәрі ойлап тапқанын көпшілік алғаш рет Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің аузынан естіді. Бұған дейін осы жобаның бастапқы сынағы жақсы нәтижемен аяқталғанын БАҚ біткен жарыса жазған еді. Назарбаев университетте (NU) өткен баспасөз мәслихатында жоба авторлары екінші клиникалық сынақ қалай өтіп жатқаны туралы мәлімет берді.

Дәрінің патент иесі кім?
«Бұл дәрінің қатерлі ісікті жою тәсілі «Трояның ағаш атын» еске салады. Рак жасушалары глюкозаға «тәуелді». Көбеюге қажет энергияны глюкозадан алады. Егер адам ағзасындағы глюкозаны азайтса, рак жасушалары «ашығып» жойылатын еді. Бірақ сол үшін адамды глюкозадан ашықтыра алмаймыз, өйткені кері салдары көп. Біз «С» дәруменінің «D» типі мен (ғылыми формуласы – D-CV — ред.) сынап оксидін (arsenic trioxide, ATO) кезектестіріп егу арқылы рак жасушасын жою тәсілін ойлап таптық. Бұлардың құрылымы глюкозаға ұқсас. Рак жасушалары оны глюкозаға ұқсас болғандықтан қан құрамынан көрген бойда өздеріне сіңіреді. Осылайша екпе рак жасушаларын іштен улап жояды. Трояның ағаш аты деп отырғаным сол», — дейді ғалым.

NU мамандары Дос Сарбасовты бізге қазақстандық-америкалық ғалым деп таныстырды. Өйткені ғылымдағы өмірінің көп бөлігін АҚШ-та сүрген маман онкологияға қарсы дәрінің алғашқы сынақтарын да АҚШ-та тышқанға егіп өткізген екен. Қазақстанға келгеннен кейін де NU базасында сол сынақтарды қайталап, осындағы әріптестерінің көзін жеткізеді.

«Естеріңізде болса, былтыр алғашқы клиникалық сынақты аяқтағанымызды баяндаған едік. Бастапқы сатыда біз дәріні рак жасушалары мен тышқанға қолданып, тиімділігіне көз жеткіздік. Бұл препаратты мен АШҚ-та, MD Anderson Cancer Center-де (АҚШ-тағы жетекші онкологиялық орталық – ред.) жұмыс істеп жүрген кезде ойлап тапқан едім. 2018 жылы сол жақта патент алдық. Қазір Назарбаев университетте жұмыс істеп жүргендіктен сол патентті осы оқу орнында лицензияладық. Қысқасы, зияткерлік меншігі өз қолымызда, халықаралық патентіміз бар. Ендігі шаруамыз – дәрінің тиімді екенін клиникалық сынақтарда дәлелдеп шығу. 2022-2023 жылы ғылым және жоғары білім министрлігінен алғашқы қаражат аударылды. Ол ақшаға «С» дәруменінің «D» типін Алматыдағы «Нұр-май» фармакологиялық зауытында жасау жүйесін құрып, клиникалық зерттеулерді бастадық», — дейді ол.

Жоба авторлары бұл дәруменнен кейін егілетін сынап оксидін қазір Үндістаннан сатып алып отыр. Бүкіл сынақтар сәтті өтсе, оны да Қазақстанда шығармақ. Өйткені Үндістаннан әр дозасын 4 доллардан сатып алса, Қазақстандағы құны жарты доллар ғана болуы мүмкін.

«Әр клиникалық сынақтың өзі екі фазадан тұрады. Бірінші фазада дәрінің кері әсері, улау көрсеткіші тексеріледі. 2023 жылдың басы, осы кезеңнен өттік. Сол жылы қатерлі ісіктің төртінші сатысындағы науқастарға егіп бастадық. Ол науқастардың бәрі тік ішектің қатерлі ісігіне шалдыққандар еді. Жалпы онкологияға қарсы дәріні сынаған кезде нақты бір типіне ғана қолданып, тексереді. Бұл дәрінің әсерін, тиімділігін барынша нақты әрі жылдам түсінуге қолайлы. Тік ішектің қатерлі ісігінде мутацияланған KRAS-жасушалар болады. Бұл реттеуші ақуыздар ісікті қатерлі ете түседі. Панкреатит ісіктерінің 95 пайызында, тік ішек ісіктерінің 40 пайызында осы мутацияланған KRAS-жасуша болады», — деп түсіндірді ғалым.

Басында Денсаулық сақтау министрлігі D-CV дәруменін аса аз дозамен, бір килограмм салмаққа 0,15 миллиграмм мөлшерімен ғана сынауға рұқсат берген екен.

«Бұл дозадан ешқандай тиімді әсер көрінбеді. Өйткені доза тым аз еді. Есесіне докторлар дәрінің ағзаны уламайтынын көрді. Былтыр қарашада дозаны ұлғайтуға рұқсат алып, 0,3 миллиграмдық мөлшермен егіп бастадық. Бұл кезде дәрі егілген адамның бәрінде ісіктің жайылуы тоқтады. Тіпті біреуінде ісік 30 пайыз кеміді. Бұл өте жағымды әсер еді. Қатты қуандық. Бірақ бұл – біз күткен ақырғы нәтиже емес. Бізге қазір адам ағзасы бұл дәріні көтере алатын ең жоғарғы дозаны анықтау маңызды. DV-C препаратының дозасын 0,65 миллиграмға көтеруге рұқсат алдық. Жуықта сынақтарды өткізуге қажетті қаражат түседі. Содан кейін сынақтың тағы бір сатысын бастаймыз. Негізі 1 шілдеден бері Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында сондағы дәрігерлер таңдап алған бірнеше науқас осы 0,65 миллиграмдық дозаны қабылдап жүр. Бұл сатыда да алдыңғы тізбекпен жүреміз. Бірінші кезеңде дозаның қаншалықты токсинді екенін анықтаймыз. Келесі жылдың басына дейін осы дозаның уыты қауіпті емес екеніне көз жеткізуіміз керек. Осыдан кейін екінші фазаға өтеміз, яғни мутацияланған KRAS-жасушаны қаншалықты жоятынын тексереміз. Осылайша адам ағзасы көтере алатын шекті дозаны анықтап, пайда болған метастазды қаншалықты жоятынын көреміз. Бәрі ойдағыдай болса, осының бәріне 2-3 жыл кету керек», — дейді Дос Сарбасов.

Жобаның алғашқы екі жылына бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қалған үш жылдың ақшасы әлі бөлінбеген.

«С» дәруменінің D типі тамақ қоспасы ретінде жиі қолданылады. Сондықтан дәрінің бағасын кез келген адамның қалтасы көтере алады деп ойлаймын. Бұл дәрінің адам ағзасы көтеретін дозасы анықталған кезде 60 адамдық 2 топқа сынақ жүргіземіз. Дәрі қатерлі ісіктің қай түріне барынша тиімді екенін анықтағаннан кейін үшінші сатыға өтеміз. Ол кезде мыңдаған адамға егеміз. Ереже бойынша сынақтың бірінші, екінші сатысында бір онкологиялық орталықпен ғана жұмыс істеуіміз керек. Ал үшінші сатысында бірнеше орталықта сынақ жүргізе аламыз. Ол енді 2 жылдан кейін болатын шығар, жұмыстың қаншалықты сәтті жүргеніне байланысты», — дейді биолог.

Қазақ ғалымының бұл формуласы бүкіл сынақтан сәтті өтсе, онкология саласында әлемдік деңгейде жаңалық ашқан болып шығады.

«Жалпы онкологияда мутацияланған KRAS-жасушаны жою күрделі мәселе болып есептеледі. Сондықтан ағзасында мұндай ген пайда болған адамдар көп өмір сүрмейді. Біздің дәрінің тиімділігі бүкіл сынақтарда дәлелденіп шықса, онкологияның ең қиын мәселесіне шешім тапқан болар едік. Сынақ кезінде адамға 36 рет комбинациялы екпе салады. 3 апта екпе алады да, бір апта демалады. Кейін тағы үш апта егіледі. Жексенбілерде демалады. Клиникалық сынақтың үшінші сатысында науқастар екпе алып болғаннан кейін үйлеріне қайта алады. Ал бірінші, екінші сатыда ауруханада жатып екпе қабылдайды», — дейді ғалым.
Биолог журналистерге екпені әзірлеген зертхананың жұмысын да таныстырды. Әңгіме арасында бұл комбинацияны қатерлі ісік пен қант диабетінің зат алмасуын зерттеген биолог Льюис Кэнтлидің еңбегін оқығаннан кейін ойлап тапқанын айтты деп хабарлайды — KAZINFORM.

«АҚШ-тың онкологиялық орталығында жүргенде рак жасушалары қандай затпен қоректенбесе, өлетінін зерттедім. Амин қышқылдарын бөлмей, ашықтырып көріп едік, шыдап шықты. Глюкозадан ашықтырып едік, екі күннің ішінде рак жасушалары өліп қалды. Осы механизмді зерттедік. Ол жасушалар өлген кезде оксиданттар бөледі екен. Сол кезде қатерлі ісік жасушаларын тікелей оксиданттың күшімен өлтіруге болатынын түсіндім. Сынап оксидін пайдалану идеясы осылай келді. Бірақ сынап деген – удың бір түрі. Оның өзін жалғыз пайдалану мүмкін емес еді. 2015 жылы Льюис Кэнтли дейтін америкалық ғалым мутацияланған KRAS-жасушаның күйзелісін күшейтуге «С» дәруменін пайдалануға болатынын жазды. Сол кезде сынап оксиді мен «С» дәруменін комбинациялап ексе, тиімділігі әлдеқайда жоғары болатынын түсіндім. Бірақ біз «С» дәруменінің D типін қолданамыз, өйткені бұл типтің уыты барынша аз. Сондықтан оның дозасын күшейткен сайын тиімділігі арта түседі», — дейді ғалым.

Әзірге бұл дәрі тік ішектің қатерлі ісігіне шалдыққан, төртінші сатыдағы науқастарға ғана егіліп жатқанын айттық. Ал онкологияның басқа типтеріне әсері қандай болатынын геномдық зертхана ғалымдары зерттеуі керек.

Related posts

15 қыркүйектен бастап карантиндік шектеулер енгізіле ме

Қазақ жігіті Америкада компания ашып, оны 200 миллион долларға сатты

ЕЛІМІЗДЕ 550 БАЛА КӨКЖӨТЕЛ ЖҰҚТЫРДЫ

Leave a Comment