Ақпарат

Павлодардағы медициналық авиация бір жылда 100 нәрестені тасымалдаған

Ертіс өңірінің медициналық авиациясы бір жылда ауыр жағдайда болған 100 нәрестені тасымалдап, жедел көмек көрсеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді медициналық көмек көрсетудің сапасы арта түспек. Себебі, демеушілер есебінен станция жаңа құрал-жабдықпен толықты.

Енді бағасы 45 млн тұратын көліктік инкубатор халық игілігіне қызмет етпек. Заманауи құрал-жабдықты сатып алуға «Ертіс көмек» қорының өкілдері атсалысқан. Ал бұған дейін екінші деңгейлі банктердің бірі қан газдарының экспресс-анализаторын сыйға тартты.

Облыстық жедел-жәрдем станциясының құрамындағы медициналық авиацияның меңгерушісі Алмагүл Бесембинованың айтуынша, өткен жылы дәрігерлер бригадасы 373 өтініш бойынша жұмыс істеген.

Біз тасымалдаған нәрестелердің салмағы 700 грамнан 1500 грамға дейін болды. Шақалақтар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аман-есен жеткізу үшін көліктік инкубатор қажет. Науқастарымыз ауыр халде болуы мүмкін. Оларды діттеген медициналық мекемеге жеткізу – басты мақсатымыз. Ал жаңа құрал ауа температурасы мен ылғалдылығы, оттегі концентрациясы, сонымен қатар, респираторлы терапияны бақылауды қамтамасыз етеді, — дейді Алмагүл Бесембинова.

Мамандардың айтуынша, нәрестелерді тасымалдау кезіндегі негізгі талап – дәрігерлердің біліктілігі мен жоғары тәжірибелігі. Бұл мақсатқа жету үшін станция қызметі медициналық ұжымды жедел көмек көрсету бойынша тұрақты оқытып, біліктілігін арттырып отырады.

Айта кетейік, павлодарлық жедел-жәрдем станциясы күнбе күн мыңға дейін қоңырау қабылдайды. Ал аптап ыстық күндері дәрігерлердің көмегіне жүгінушілер саны күрт артады.

Related posts

Иран Мысырға әуе кеңістігін үш сағатқа жабатынын ескертті

Баян Мақсатқызы үшінші рет ана атанды

Таразда прокурор шелпекке қақалып, қайтыс болды

Leave a Comment