Бұған дейін ішкі істер министрлігі саусақ ізін ерікті түрде тапсыруға мүмкіндік берген.
Қазақстанда тағы саусақ ізін тапсыру және геномдық тіркеу міндеттелмек, деп жазады stan.kz. Бұған дейін ішкі істер министрлігі саусақ ізін ерікті түрде тапсыруға мүмкіндік берген. Ішкі істер министрлігі азаматтардың биометриялық деректерін жинау процесін реттейтін саусақ іздерін алу және геномдық тіркеу ережесін бекітті. Қазақстанда саусақ ізін тапсыру төмендегі жағдайларда жүзеге асырылады: — Жеке куәлік және төлқұжатты алғаш рет алуға өтініш білдіргенде, сондай-ақ құжаттарды қалпына келтіргенде немесе ауыстырғанда; — 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар паспорт алуға өтініш берген кезде ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен; — 16 жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар уақытша немесе тұруға ықтиярхат, босқын куәлігі және басқа да құжаттарды ресімдеген кезде. — 16 жасқа толған Қазақстаннан шығарылған немесе реадмиссия туралы халықаралық шартқа сай келетін адамдар. Геномдық тіркеу анықтау, тергеу, сот сараптамасы органдарының және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің құзырына жататын адамдар арасында жүргізіледі. Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда дактилоскопиялық тіркеуді яғни саусақ ізін алуды міндеттеу алынып тасталатынын жазғанбыз.