Оның денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар болып шықты.
Ақтөбеде көлігін сатуға шығып, үйіне оралмаған әйел кісі қолынан қаза тапты. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті.
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті 9 маусым күні көлік сатуға шығып, із-түзсіз кеткен 55 жастағы әйелдің өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
«Хабарлама түскен бойда жеке құрам шұғыл көтеріліп, жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Күдікті көп ұзамай ұсталды. Оның тұрғылықты жерінің гаражынан ұрланған автокөлік тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 99, 192-баптары (кісі өлтірумен ұштасқан қарақшылық шабуыл) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – деп хабарлады Ақтөбе облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Ал жәбірленушінің денесі қала маңынан табылған. Оның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болған. Қазіргі кезде сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр.
Айта кетейік, 1969 жылы туған Клара Сұлтанбаеваны іздеу жұмысы 9 маусым күні басталды. Оған полициямен қатар еріктілер де жұмылды. Ол шамамен сағат 9:00-де шығып кетіп, хабарсыз қалған.