Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен кездесті

Қазақстан Президенті Арменияға алғашқы ресми сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.

– Армения Қазақстан үшін маңызды, өте мағыналы серіктес болып табылады. Ежелгі өркениет бастау алған тарихы мен мәдениеті бай армян халқының жеріне ыстық ықыласпен, ерекше сезіммен келіп отырмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Премьер-министр Никол Пашинянмен жүргізген келіссөздер барысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты әрі нәтижелі талқыланған.

– Қазақ-армян қатынастарын жан-жақты нығайтуға қатысты өзара ұмтылысымызды растадық. Бұл бүгінгі келіссөздердің – басты нәтижесі. Біз маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан мен Арменияның көпжақты өзара ықпалдастығын одан әрі нығайту жоспарын нақтыладық. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырдық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян қазақ-армян ынтымақтастығына қатысты бірқатар өзекті мәселені талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастыққа баса назар аударды. 🇦🇲 Армения Президенті Мемлекет басшысының Ереванға сапары тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, келіссөздердің қорытындысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту үшін берік іргетас қалыптастыратынын, мемлекетаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді.

– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Бізді ортақ тарих пен қазіргі қарым-қатынастар байланыстырады. Қазіргідей күрделі кезеңде өзара ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан барлық бағытта табысқа қол жеткізіп отырғанына куәміз. Мен Сізге және барша қазақ халқына жаңа жетістік тілеймін, – деді Ваагн Хачатурян.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Төтенше жағдайлар министрінен астаналық өрт сөндірушіні марапаттау сұралды

ТҮРКІСТАН: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТІРКЕУ, ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Алматыда жауын-шашынның салдарынан жолдардың опырылуы орын алды

Пікір қалдырыңыз