Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКІСТАНДА ИНТЕРНЕТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Транстелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы болып Сүйеніш Әбділдинді қабылдады. Кездесуде аймақта интернет сапасын жақсарту, ауылдарды, білім ұяларын қамту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы әріптестікті нығайтып, елге пайдалы жобаларды бірге жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
– Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде бекітілген уақыттан бастап, «Транстелеком» акционерлік қоғамы әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтарын оптикалық байланыспен толығымен қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы интернет сапасын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Осы ретте, облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелер мен тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосу үшін 435 ауылдық елді мекенді оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етуді қарастыру қажет. Ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен қамту үшін, біз, өз тарапымыздан, орын алған мәселелер бойынша заң шеңберінде қарастыруға дайынбыз. Халқы тығыз орналасқан өңірімізде әріптестік орнатып, жұмыс істеу сіздерге де тиімді болатыны анық, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде Сүйеніш Әбділдин компанияның өңірде атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Алдағы жоспарларын тілге тиек етті. Оның айтуынша, өңірдегі 8 мыңнан астам абонентке, 389 мектепке «Транстелеком» АҚ қызмет көрсетеді. Компания Түркістан қаласында байланыс сапасын жақсартуға 2022-2023 жылдары 200 млн теңге инвестиция салған, жалпы 240 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге 145 көпқабатты үй осы компанияның қызметіне қосылған.
– Түркістан өңірінде интернет сапасын жақсарту бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім салаларын цифрландыруға да мүмкіндігіміз бар. Түркістанда аймақтық филиалымызды ашу да жоспарланған, – деді «Транстелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы.
Жиында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Жасардың баяндамасы тыңдалды. 2023 жылы «Транстелеком» АҚ-на қарасты қызмет көрсетуші компаниялармен 25 400 тұрғын үй шаруашылықтары үй жағдайындағы интернет желісімен қамтылып, 2022 жылмен салыстырғанда 3834-ке артқан. Дегенмен, тұрғындардың басым көпшілігі радиокөпір технологиясы арқылы интернет желісіне қосылуына байланысты интернет сапасында олқылық анықталған. Осы мәселені реттеу, талапқа сай технологияларды қолдану жөнінде ұсыныс берілді. Сонымен бірге мектептердегі интернет жылдамдығын жақсарту жолдары, демалыс орындары мен туристер көп шоғырланған аумақтарда жалпы қолданысқа ие Free Wi-Fi қызметіндегі анықталған кемшіліктер де айтылды. Қос тарап облыста интернет жылдамдығын арттыру және әріптестікті нығайту жөнінде уағдаласты. Aspan.info Түркістан облысы әкімінің баспасөз сілтемесімен хабарлайды  
 
 
 
 

Related posts

Электрондық темекі тоғызыншы сынып оқушысын реанимацияға алып келді

Астанада автобус өртеніп кетті

Ақтау тұрғындары 8 наурызда автобустармен тегін жүреді

Leave a Comment