Жаңалықтар Қоғам

«Әкімге талай бардық». Дәулет ауылының тұрғындары жанайқайын айтты

Алматы облысы, Дәулет ауылындағы көшелер 10 жылдан бері жөнделмей келеді. Тұрғындар жергілікті әкімдіктен көшеге асфальт төсеп беруді жылда сұрайды. Бірақ, нәтиже жоқ, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәулет ауылы Алматы облысының орталығы Қонаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. 150-ге жуық түтін бар. Ауылдың басты мәселесі — жол. 15 жыл бұрын адамдар көшіп келіп, үй салды. Жаңа ықшамаудан пайда болды. Халық саны көбейді. Алайда, инфрақұрылым жоқ. Көшелерге асфальт төселмеген. Үй салынған жер бұрын егістік алқабы болған. «Жауын жауса жер ми батпақ болады. Бұл ауылдың еркектері етігімен балшық басып, шалшық кешеді. Мұң-мұқтажымыз осы. Айтпаған әкім, бармаған мекеме қалмады» дейді ауыл тұрғыны Айдын Байытов.
«Жауын-шашынды күндері көрінген жерде батамыз, шалшықта жатамыз. Үйге жете алмаймыз. Әкімге талай бардық. Арызымызды айттық. Олар «Мақұл, көшені жасаймыз, жарылқаймыз» дейді. Уәде сол күйінде қалады. Асфальттан күдер үзіп ең болмағанда тас жол төсеп беріңіздер деп жалындық. Соның өзі жоқ. Келмейді», — дейді ауыл тұрғыны Айдын Байытов.
Елді-мекен Талғар ауданы, Қайнар ауылдық округіне қарайды. Тұрғындар он күн бұрын әкімдік есігін тағы да қақты. Әкім орында болмапты. Бұған дейін «Барлық көшені жөндеуге шамамыз жетпейді. Негізгі ұзын төрт көшені жасап берейік. Тосыңыздар» деп жауап алған тұрғындар оған да тәубе депті. Сөйтіп жүргенде қыс бітіп, көктем шықты. Балшық көшемен көліктің жүруі қиын. Батып қалады.
«Он бес жылдан бері ауылда ешқандай өзгеріс жоқ. Бұл проблеманы ауыл әкіміне, облыс әкіміне айтудай ақ айтып келдік. Енді амал жоқ Президенттен көмек сұрауға мәжбүрміз. Бізге көмектесіңіздер, ауылымызға назар аударыңыздар! Басты талабымыз көшемізді жөнге келтірсе екен дейміз. Көлік тұрмақ, жаяу жүрудің өзі мүмкін емес. Батпаққа тығылған көлік жарты жолда қалып қояды. Кейде соның ішінде қонамыз», — дейді ауыл тұрғыны Қымбат Балтабекқызы.
Дәулетке жедел-жәрдемнің жетуі қиын. Келгеннің өзінде көлік балшықтан өте алмайды. Көршілер жиналып науқасты тас жолдың бойына әупірімдеп жеткізіп салады екен. Ауылды жаңадан құрылған Алатау қаласының құрамына кіргізу жоспарланған. Алайда жаңа қаланың бас жоспары жоқ. Оған дейін ауыл тұрғындары резеңке етікпен балшық кешіп жүре беретін түрі бар.

Related posts

Алматы облысында жоғалған 3 жасар қыз бала 10 күннен бері іздестірілуде

ҰҚК: Алматы әуежайында жалған француз төлқұжаты бар шетелдіктер ұсталды

Қазақстан айырбастау пункттеріндегі 6 наурыз күні таңертеңгі валюта бағамдары

Leave a Comment