Жаңалықтар Қоғам Шымкент

«ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТУРИСТІК АСТАНАСЫ» АТАУЫМЕН ЖАҢА МАУСЫМ АШЫЛДЫ

Бүгін «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» атауымен жаңа маусым ашылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Өңір басшысы түркістандықтар мен қонақтарды Наурыз мерекесімен және осынау айтулы сәтпен құттықтады.
– Біз туризм саласын дамытуды Түркістанның негізгі бағыттарының біріне айналдырамыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы туризм саласын елдің экономикалық өсу драйверлерінің біріне айналдыру жөнінде нақты міндет қойды. Бұл ретте Түркістан облысының туризм саласындағы әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы Түркістан облысына келген шетелдік туристер саны 15 мыңға жетті. Ал, бір күндік келушілер саны 1 млн адамға жуықтады. Туризм саласын дамыту мақсатында Түркістандағы әуежайда халықаралық әуе рейстерінің санын көбейтудеміз. Әлемнің басқа да қалаларынан Түркістан қаласына жаңа әуе бағыттарын ашуды осы жылы да жалғастырамыз. Баршаңызды туристік маусымның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Өңірде әлем жұртшылығын таңғалдыратын туристік орындары көп, – деген Дархан Сатыбалды Түркістан өңіріне саяхаттауға шақырды.
Түркістан халықаралық әуежайында ел ішінде аптасына 22 рейс, халықаралық деңгейде 3 бағыт, 9 рейс бойынша қызмет көрсетуде. Шетелдік туристерді арттыру мақсатында осы жылдың басында Wizz Air лоукостерлік компаниясымен Абу-Даби-Түркістан бағыты іске қосылған болатын. Әз-Наурыз мерекесіне орай 22 наурыздан бастап Самарқанд-Түркістан бағытында тұрақты рейс ашу жоспарланып отыр.
Киелі қалаға «Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы» мәртебесінің берілуі – тарихи шаһардың Түркі елдерінің арасында алатын орнының жоғары екенін білдіреді. 2023 жылы Түркістанда Түркі мемлекеттерінің туризм саласына жауапты министрлерінің отырысы өтті. Сол жиын нәтижесінде Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы атанды. Былтыр желтоқсан айында Әзербайжан Республикасының Шамахи қаласында мәртебе салтанатты түрде тапсырылды. Биыл осыған орай жыл бойы іс-шаралар өтеді. Өңірде халықаралық деңгейде – 25, республикалық деңгейде – 23, облыстық деңгейде – 56, жалпы 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл статус – тек туризм саласының ілгерілеуіне ғана емес, туристердің жергілікті жердің руханияты және мәдениетімен танысуына, кәсіпкерлік пен экономиканың да дамуына зор үлесін жан-жақты қосатын ауқымы кең, маңызы терең оқиға.
Түркістан қаласында жаңа туристік маусымының ашылуына арналған бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Алдымен келушілер Түркістан өңірінің туризм бағыты бойынша ақпараттық стендтермен танысып, қызықты мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар ұлттық болмыс насихатталып, облыстың туристік әлеуеті көрсетілді. Атап айтқанда, қол күресі, гір тасын көтеру, кеуде тартылысы, тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, «Bauyrsak Fest» және «Қымыз ішу» ойын-сауық сайыстары ұйымдастырылды. Байқау жеңімпаздарына сертификаттар табысталды. Ерекше шоу мен қызықты бағдарламадан бөлек суретке түсуге арналған креативті фотозоналар қарастырылған.
Облыстың өнер ұжымдары мен фольклорлық ансамбльдері, би топтары, цирк әртістері, Наурыз мейрамына арналған театрландырылған қойылымдар, ұлттық дәстүрді танытатын алып батырлар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қолөнершілер жәрмеңкесіне қазақы нақыштағы бұйымдар қойылды. Отандық дизайнер А.Ташкенбайдың сән көрсетілімі ұсынылды. Бағдарлама «Fire Show» форматында отшашу шоуына ұласты.
Іс-шара аясында «Silk Road Fest» автошеруі бастау алды. Оған 12 жол талғамайтын автокөлік қатысады. Қазақстан автомото туризм қауымдастығының басшысы Абдуғали Абдуали және Өзбекстан автомото туризм ассоциациясының төрағасы Отабек Олижонов арнайы келіп қатысты. Арнайы сертификаттар табысталды. Экстермалды туризмнің бір түрі автосаяхат Түркістаннан басталып, Өзбекстан мен Қырғызстанда жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Шымкентте су тасқынын жоюға қатысқан құтқарушыларды салтанатты түрде қарсы алды

ШАРДАРА МЕН ЖЕТІСАЙ АУДАНДАРЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫНА МЕМЛЕКЕТТІК ЖЕҢІЛДІКТЕРДІ АЛУ ЖОЛДАРЫ АЙТЫЛДЫ

Жамбыл облысында көп жылдық алдаудың керемет тарихы ашылды

Пікір қалдырыңыз