Жаңалықтар Қоғам

«Қорқамыз». Алматыда көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасы құлайын деп тұр

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде құрылыс компанияларының былықтары ашыла бастады. Әлеуметтік желіде Жетісу ауданы, Көкжиек шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы сөгілгені туралы ақпарат тарады. Бейнежазбадан балконның қасындағы үйдің қабырғасы сөгіліп, құлауға шақ тұрғанын аңғару қиын емес. Бұл олқылық жер сілкінісінен кейін орын алды ма? Қабырғасы құлағалы тұрған тұрғын үй қашан салынған? Бұқараның қорқынышы қандай? Aspan.info тілшісі оқиға орнына барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

Магнитудасы 5,4 балды жер сілкінісі миллиондаған адамның зәресін алды. Тұрғын үйлердің құлаған қасбеттері мен сөгілген қабырғалары таспаланған кадрлар желіде желдей есті. Соның бірі Көкжиектегі №42-тұрғын үй. Қабырғасы балконнан ажырап, арасы арсиған орынды қызыл лентамен қоршап қойыпты.

Сырт көзге апатты болып көрінген тұрғын үйдегі бұқарамен тілдесіп көрдік. Айтуларынша әкімдік өкілдері тек жер сілкінгенде ғана келетін көрінеді. Кішкентай балалары бар отбасы қорқынышын да жасырмады.

«Қабырғасы сөгіліп тұрғаны іштен қатты байқалмайды. Бірақ бірінші жер сілкінісінен кейін ішке жел гулеп тұрады. Қыста салқын. Қазіргі уақытта балконның іші сөгіле бастады. Кішкентай балалар болғандықтан бұл жағдай бізді қатты алаңдатады, қорқамыз. Әкімдік өкілдері бірінші жер сілкінісі кезінде келген болатын. Содан кейін тек бүгін келді. Телефонға ішкі бетінен суретке түсіріп беруімді сұрады», – дейді Әсем есімді пәтер тұрғыны.

Оқиға орнына барғанымыз сол еді әкімдік өкілдерін кездестірдік. Жауаптылар бұл ғимараттың қабырғасы бұған дейін де осындай жағдайда болғанын айтты. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін тұрғындармен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

«Біз бұл үйдегі қаптаманың құлауына орай алдыңғы жер сілкінісі кезінде, яғни 23 қаңтар күні тексеріс жұмыстарын жүргізген болатынбыз. ТЖД, Полиция өкілдері, ГАСК және Архитектура басқармасы өкілдері барлығы келген. Сол кезде бұл ақау жер сілкінісіне дейін болғандығы анықталды. Ғылыми зерттеу институты тексеріс жұмыстарын жүргізді. Мұны жөндеу жұмыстарын Пәтер иелері кооперативімен бірге тұрғындармен жиналыс өткіздік. Ендігі кезекте Алматы тұрғын үйден «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы ешқандай үстемесіз қайтарымды кредит беру, яғни ақша бөлу қарастырылған. Егер тұрғындар келіссе осы бағдарламаның негізінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ал егер келіспеген жағдайда тұрғындардың қаржысы есебінен жөнделеді», – деді Жетісу ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Қалдаров.

Сондай-ақ әкімдік өкілдері бірінші қабатта тұрып жатқан тұрғындарға төніп тұрған қауіптің жоқ екенін жеткізді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИЗМ ӘЛЕУЕТІ САМАРҚАНДА ТАНЫСТЫРЫЛУДА

Tinder клиенттердің премиум қызметтері үшін неге әртүрлі баға төлейтінін түсіндіруі керек

ҰҚК: Алматы әуежайында жалған француз төлқұжаты бар шетелдіктер ұсталды

Пікір қалдырыңыз