Аталған жөндеу жұмыстары қаржылық- экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес, жергілікті бюджеттен қаржы қаралған соң басталмақ. Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құбырлары жаңартылады. Жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер Әл-Фараби алаңында, Республика даңғылы, Асқаров, Дулати, Жангелдина, Ильяев көшелерінде және Отырар, Спорттық және Шығыс шағын аудандарында орналасқан.
Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үйлердің тұрғындарының 70 пайыз келісімі бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй» Шымкент ЖШС-і жүзеге асырады.
Айта кету керек, бұдан бөлек, қазіргі таңда 10-нан аса тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Соған сәйкес тиісті мақұлдау шаралары қабылданған жағдайда, бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтуі мүмкін. 2022 жылы қалада 60 көпқабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізілген болатын. Еске сала кетейік, биыл үшінші мегаполисте тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында реновация бағдарламасы іске қосылды. Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынған. Бағдарлама аясында бірінші кезекте тозығы жеткен тұрғын үйлер және тұрғындардың келісімімен басқа да үйлер бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ, тозығы жеткен үйлер аумағында орналасқан ғимараттар бағдарлама әкімшісіне реновациялауға жататын үйлердің тізбесіне қосуға өтініш білдіре алады. Жоба жасалғанда абаттандыру жұмыстарына қажет болған жағдайда тұрғын емес үй жайлар да бұзылады. 2023 жылы жалпы саны 86 пәтерден тұратын 6 тұрғын үйді бұзу жоспарланған. Аталған үйлер Абай ауданында – 1, Әл-Фараби ауданында – 1, Еңбекші ауданында – 1, Тұран ауданында – 3. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша «Shymkent ӘКК» АҚ жұмыс жасауда.