aspan

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН «КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ» БАҒДАРЛАМАСЫ ӘЗІРЛЕНУДЕ

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласының атмосфералық тазалығын сақтау мақсатында алдағы уақытта қандай маңызды қадамдар жасалады, соған тоқталып өтейік. Бірінші кезекте, ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен 15 мамырдағы қауіпсіздік кеңесіндегі тапсырмасына сәйкес, коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы бағдарлама әзірленуде. Қазір бағдарлама 75%-ға дайын, шілде айында толық аяқталады деп күтілуде.
«Коммуналдық қалдықтарды басқару» бағдарламасына сәйкес, алдағы уақытта қаланың қоқыстарын шығаруды бақылау және оңтайландыруға арналған ГИС бағдарламасы іске асырылатын болады. Яғни, әрбір тұрғын мұнан былай қоқыс жинайтын арнайы көліктің тұрғын үй ауласына қай күні, қай сағатта келетінін немесе келіп кеткенін, қаншалықты қоқыс жинап әкеткенін смартфон қосымшасы арқылы бақылап отыра алады.
Сондай-ақ, ауаның ластануы мен қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында қалада қазір қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарлануда.Қоқыс өңдейтін зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға дейін қалдық шығара алады. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлар тарту көзделіп, бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында келіссөздер жүргізілуде.
Айта кетейік, биылғы жылдың ақпан айынан бастап қалалық полигон қайтадан мемлекеттік меншікке берілді. Осы кезеңге дейін полигонда жинақталған қалдықтарға топырақ төсеу жұмыстары жүргізілді, бұл қоқыс алаңының жағдайын едәуір жақсартты. Сонымен қатар, полигонның айналасындағы шашылған қоқыстар жиналды.
Мұнан бөлек қоқыс өңдеу зауытының құрылысына инвесторлар тарту бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы аумағына қалдықтарды өңдеу зауытын салуға Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде.
Қытай компаниялары қалдықтарды өртеу зауытының құрылысын салуды ұсынды, Германия компаниясы полигон салу үшін заманауи материалдарды ұсынды. Ал испандық AUDITORES ENERGETICOS AFN компаниясынан коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізу бойынша ұсыныс түсті. Компания өкілінің ақпаратына сәйкес, AEN технологиясы экология бөлігінде бірқатар артықшылықтарға ие – бұл «Нөлдік қалдықсыз цикл» деп аталатын процесс және экология мен халықтың қауіпсіздігі бөлігінде қабылданған Еуропалық директиваларға сәйкес. Ұсынылған материалдар бойынша технология электр энергиясын өндіре отырып, қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға, сондай-ақ полигондағы қалдықтарды (шамамен 2 млн. тонна) қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның құны – 200 миллион еуроны құрайды.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Атыраулықтар мектеп жанындағы жолдың жөнделетінін күтіп, өз қаражатына жөндеп беруден шаршаған.

Абай облысындағы орман өртіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Оқытушылар мен ғалымдарға қосымша ақы төленбек

Пікір қалдырыңыз