Өмірзақ Шөкеев: Түркістанда жүріп жатқан құрылыс қарқынын күшейту керек

Саясат

24.12.2019 15:47

180

Өмірзақ Шөкеев: Түркістанда жүріп жатқан құрылыс қарқынын күшейту керек

Түркістан құрылысы

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен аппараттық мәжілісте осындай міндет қойды. Күн тәртібінде әуежайдың және онда баратын автомобиль жолының құрылысы мен көлік инфрақұрылымының жоспары, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың орналасуы мен жағдайы және шаһардағы инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары, жалпы салынып жатқан нысандар, су арналары туралы соңғы мәліметтер талқыланды. Түркістаннан 16 шақырым қашықтықта орналасқан Түркістан халықаралық әуежайы халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынып жатыр. Түрік компаниясы қолға алған Түркістан халықаралық әуежай құрылысы 2020 жылы аяқталады, деп күтілуде. Іргетасы қаланған жаңа нысанда 100-ден астам адам тынымсыз еңбек етуде. Туризм әлеуетін арттыру үшін облыста арнайы бағдарлама әзірленіп, әуежайдан екі күнде бір рет Меккеге тікелей ұшақ қатынайтын болады.

Құрылыс қазаны қайнаған Түркістан шаһарындағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан басқармалар мен департаменттер ғимараттары мен Конгресс-холл, Стадион, Оқушылар сарайы, аттракциондар саябағы секілді әлеуметтік маңыздағы нысандар қала құрылысының басым бағытына айналған. Сонымен қатар халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында өңірді абаттандыру нысандарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

«Құрылыс қарқынын күшейту керек. Ешқандай кедергілер мен себеп- сылтауларға жол жоқ. Ағаштарды отырғызу мен баптау мәселесі қатаң қадағалауда болсын. Тұрғын үй құрылысының сапасын жіті бақылап, тезірек пайдалануға беру керек. Қала орталығын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары баяу жүріп жатыр. Керек болса әр сектор қажетті техника мен қосымша жұмыс күшін тартсын»,– деді облыс әкімі мәжіліс барысында.

Жиналыста «Арыс – Түркістан» каналын қалпына келтіру мен жаңа су арнасын салу жұмыстары талқыланды. Бұл жобаларды іске асыру суаруға арналған судың тапшылығы мәселесін толық шешіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жыл сайынғы көлемін арттырады. Аймақ басшысы Түркістан қаласының маңында «жасыл белдеу» құру, ирригациялық жүйені дамыту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, жаңбырлатып суару әдісін дамыту мен азық-түлік белдеуін қалыптастыру жұмыстары бойынша нақты тапсырмалар берді.

кілттік сөздер: Түркістан облысы, Өмірзақ Шөкеев, құрылыс нысандары, Түркістан халықаралық әуежай

Тағы да қараңыз

Пікір қалдырыңыз