«Ерлігі үшін» медалімен 3 полицей мен ерлікпен қаза болғандар марапатталды

Қоғам

19.12.2019 10:31

212

«Ерлігі үшін» медалімен 3 полицей мен ерлікпен қаза болғандар марапатталды

Полицейлер марапатталды

ҚР Президентінің Жарлығымен Түркістанда 3 полицейдің кеудесіне медаль тағылып, қызмет бабында қаза болғандар да наградталды

ҚР Тәуелсіздік күніне арналған полицейлердің кең ауқымды мерекелік іс-шарасы киелі өңірде Мәдениет үйінің төрінде өтті. Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлеріне Тәуелсіздік мерекесіне орай түрлі дәрежедегі алғыс хаттар мен дипломдар табысталды. Жалпы марапаттың қай-қайсысы болмасын, барлығы да қошеметке лайық. Алайда айтулы мерекеде ерліктері еленген полицейлердің кеудесіне тағылған медаль облыс тәртіп сақшылары үшін орны бөлек болғандай...

Мәселен, қызметіне адал және еңбекқор полицейлеріміз ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Тарқатып айтар болсақ,Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Мылтықов Ұлықбек Тұрғынұлы, Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Тастанбеков Алмасхан Мәмбетұлы, Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция майоры Набиев Бақытжан Адырбекұлылар.

Естеріңізге сала кетсек, көпшілікке белгілі маусым айының 24 күні Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, елімізде сын сағаттар орын алған еді. Сол кезде нағыз жүрек жұтқандар мен батылдар ғана сол жерде жүріп, көмекке мұқтаж халықты аман алып қалып, эвакуациялаған болатын. Бүгінде сол азаматтардың еңбегі еленіп, марапатталды.

Мерекенің тосын сыйлары мұнымен аяқталған жоқ. ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен қызмет бабында қаза тапқан ТО Полиция департаментіне қарасты Жетісай аудандық полиция бөлімінің полицейі Алтынбеков Нұржан Қауасбекұлы да марапатталды. Марқұмның медалі оның отбасына табысталды.

Сондай-ақ Келестік тәртіп сақшылары мерекеде өздерінің қайырымдылық істерімен көзге түсті. Олар Келес аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып, 2002 жылы қызмет бабында қаза тапқан Айдосов Биғара Елемесұлының отбасына барып, арнайы сый-сияпаттар табыстады. Марқұмның шаңырағында жайылған ақ дастархан басына жиналып, құран бағышталды.

кілттік сөздер: марапат, Ерлігі үшін медалі, ҚР Президентінің Жарлығы

Тағы да қараңыз

Пікір қалдырыңыз