Ақтауда 268 отбасыға пәтер кілті табысталды

Қоғам

14.12.2019 12:10

165

Ақтауда 268 отбасыға пәтер кілті табысталды

Ақтауда Тәуелсіздік күні қарсаңында көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Ақтауда Тәуелсіздік күні қарсаңында көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов ұлық мереке аясында үйлі болған жандарды қоныс тойымен құттықтады. Жалдамалы баспана алғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен мүгедек бала бағып отырған ата-аналар бар. Арендалық үйдегі 268 пәтердің барлығы республикалық бюджет қаражатына сатып алынған.

Ақтау – тұрғын үй құрылысы бойынша республикада көш бастап тұрған қалалар қатарында. Мәселен, 2017 жылы 380 мың шаршы метрді құрайтын 51 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілсе, 2018 жылы 661 мың шаршы метрді құрайтын 61 көпқабатты тұрғын үй тапсырылған. Ал биыл 8 айдың ішінде 448,4 мың шаршы метр, яғни 2849 пәтердің кілті табысталған. Сонымен қатар, жеке қаражат есебінен биыл жыл соңына дейін тағы 72 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілмек.

«Біріншіден, мен жалғызбасты анамын. Екіншіден, мүгедек балам бар. Екінші қызым мүгедектер арбасында отырады. Үйдің кезегінде тұрғаныма 10 жыл болды. Бүгін міне, сол күннің қуанышына кенеліп жатырмыз. Ел ағаларына рахмет айтамын. Осындай қуанышты күндер, мерекелі күндер көп бола берсін! Келе жатқан Тәуелсіздік күніміз құтты болсын! Бәріңізге де рахмет!», – дейді жаңа қоныс иесі Шәрипа Құлжабаева.

«Бұл тұрғын үйден өзге, қазір бізде 140 пәтерлік 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олар келесі жылы тапсырылады деп күтіп отырмыз. Сонымен бірге, Аққу-3 шағынауданынан 763 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріледі», – деді қала әкімінің орынбасары Гүлжазира Алдашева.

кілттік сөздер: Ақтау, пәтер, баспана, Тәуелсіздік күні

Тағы да қараңыз

Пікір қалдырыңыз